Ұлытау облысында ер адам сыныптасын бауыздап өлтірген

Ұлытау облысында сыныптасын өлтірді деген айыппен ер адамға қатысты сот отырысы өтті, деп хабарлайды Arbat.media Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

Оқиға 2025 жылдың қаңтар айында Жезқазғанда болған. Іс материалдарына сәйкес, бірге ішімдік ішіп отырған И. есімді азамат пен оның сыныптасы Г. арасында сөзталас туындаған. Ауызша жанжал төбелеске ұласқан.

Төбелес кезінде И. пышақ қолданған. Ағаш сапты пышақпен ол жәбірленушінің бетіне, мойнына, ішіне, арқасына және екі қолына бірнеше рет соққы жасаған. Ауыр жарақат салдарынан Г. оқиға орнында қаза тапқан.

Сот барысында айыпталушы И. өз кінәсін мойындамаған. Ол өзін ақтап алуды сұраған. Алайда, сотта жәбірленуші тараптың, куәгерлердің көрсетілімдері, сараптама қорытындылары және басқа да айғақтар оның кінәсін толық дәлелдеді.

«Сотталушы И. кінәсін мойындамаса да, оның қылмысы толық дәлелденді», – делінген сот хабарламасында.

Бұл іс алқабилердің қатысуымен қаралған. Сот үкім шығарған кезде не жеңілдететін, не ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Сот алқабилердің айыптау үкімі негізінде ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша И.-ді кінәлі деп таныды. Оған орташа қауіпсіздік мекемесінде 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

 

Ақпарат Ұлытау Қылмыс сот

Тақырыпқа жаңалықтар