Umai ұлттық сыйлығының жеңімпаздары
Өнер саласындағы біртуар қайраткерлердің есімін анықтап, отандық мәдениеттің дамуына және ілгерілеуіне ықпал ететін Umai ұлттық сыйлығының биылғы жеңімпаздары белгілі болды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Жүлде қоры 79 миллион теңгені құрайтын 29 мүсінше мен ақшалай сыйлық көрерменнің ыстық ықыласына бөленген өнер ұжымдары мен талантымен тамсандырған мәдениет майталмандарына табыс етілді.
«Өнер руханиятты қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Атақты жазушы Мұхтар Әуезов бейнелеу өнерінсіз мағыналы болмыс жоқ екенін айтқаны белгілі. Өнер шын мәнінде ұлттың дамуына негіз болып саналады. Ал өнер адамы қоғамды тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы ынта-жігері берік, елімізді ұлы дәрежеге көтере алатын ұрпақ қалыптастыруға ерекше мән беріп келеді. Біздің өнеріміз бен мәдениетіміз қоғамдық тұлғаны тәрбиелейді. Бұл біздің болашағымызға қажет рухани саясат. Мемлекет басшысының жүргізіп отырған барлық бастамасы мен реформасының түпкі мақсаты – мемлекетіміз үшін ортақ іске елеулі үлес қосатындарға жан-жақты қолдау көрсету. «Umai» сыйлығы да осындай қолдаудың жарқын көрінісі», деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Ұлттық сыйлық отандық өнердің дамуына жаңа серпін беріп, елімізге жаңа есімдер сыйлайтынына сенім білдірген А.Балаева 29 жеңімпазға «Umai» мүсіншесі мен ақшалай сыйлықтың сертификатын табыс етті.
Биыл ұйымдастыру комитетіне қатысушылардан 322 өтінім келіп түссе, финалға 114 адам өтті. Олардың ішінде тек 29-ы ұлттық сыйлықтың иегері атанды. Еліміздің барлық өңіріндегі өнер қайраткерлері мен шығармашылық ұжымдары белсене қатысқан бәйгеде бағы жанғандардың арасында «Театр өнері» аталымында 8 жүлде табыс етілді.
«Үздік музыкалық-драмалық спектакль» аталымында Астана жас көрермендер музыкалық театрының «Гауһартас» музыкалық драмасы үздік деп танылды.
«Үздік спектакль» – М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының «Жаздың соңы» трагикомедиясына берілсе, «Операдағы ер партиясын үздік орындаушы» аталымы Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі Дамир Сәдуақасовқа табысталды.
Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі Оксана Давыденко «Операдағы әйел партиясын үздік орындаушы» аталымының жеңімпазы болды.
М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының актері Бекжан Тұрыс «Үздік ер адам рөлі», Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының актрисасы Алмахан Кенжебекова «Үздік әйел рөлі», Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған Қазақ мемлекеттік академиялық театрының режиссері Дина Жұмабаева «Үздік режиссура» сыйлығын иеленді.
«Спектакльдің үздік көркемдік дизайны» аталымы Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық орыс театрының суретшілері Владимир Пономарев пен Александра Рычковаға табыс етілсе, «Хореография өнері» аталымында «Үздік би ұжымы» аталымын ШҚО мәдениет басқармасының «Ертіс концерт» КМҚК «Алтай» халық би ансамблі қанжығасына байлады.
«Заманауи хореографияның үздік спектаклі» – Түркістан музыкалық-драма театрының «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектакліне, «Балеттегі үздік орындаушы» (балет солисі) – «Астана Опера» театрының солисі Әйгерім Бекетаеваға, «Балеттегі Үздік орындаушы» (балет солисі) – «Астана Опера» театрының солисі Бақтияр Адамжанға, «Үздік хореограф» – «Астана Балет» театрының хореографы Айгүл Татиге табыс етілді. «Астана Опера» театрының «Спартак» балеті «Үздік классикалық балет спектаклі» атағын иеленді.
Байқау қорытындысы бойынша «Музыкалық-орындаушылық өнер» номинациясында төрт жүлде табыс етілді. Оның ішінде «Үздік дәстүрлі орындаушы» (ән айту) – Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымынан Асқар Мұқиятқа, «Үздік дәстүрлі орындаушы» (аспапшы) – Раушан Оразбаева мен Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына берілді.
«Үздік музыкалық ансамбль» (классикалық) аталымында – «Қазақстан камераты» классикалық музыка ансамблі, ал «Үздік музыкалық ансамбль» (халықтық) мүсіншесі – «НАВА» халық аспаптар ансамблі мен Қ.Қожамияров атындағы мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрына табысталды.
«Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер» аталымындағы зергерлік өнер, металл өңдеу, аралас, эксперименттік техника бойынша «Үздік шебер-қолөнерші» Амангелді Мұқажанов, ағаш өңдеу, көркем ою, керамика «Үздік шебер-қолөнерші» аталымы Атабек Бекболатовқа табыс етілді.
Киіз, тоқыма, былғары өнеріндегі өзіндік із қалдырып жүргендердің арасында «Үздік шебер-қолөнерші» болып Мәлік Мұқановтың есімі мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы аталды. «Үздік бейнелеу өнерінің туындысы» аталымында «Үздік сурет шебері» – Дәуренбек Бекназаров, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына, «Заманауи өнердегі үздік жоба» – Болатбек Бейісбеков, Бейісбековтер отбасының «Алтын Орда» көркем галереясына, «Үздік графика шебері» – Батухан Байменге, «Үздік мүсін шебері» – Әлібек Мергеновке бұйырды.
«Астана Балет» театрының «Снежная королева» балеті «Үздік балалар спектаклі» атанса, Мемлекеттік қуыршақ театрының «Ұр, тоқпақ!» ертегісі кіші формадағы «Үздік балалар спектаклі» деп танылды.
Тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелері «Жыл жаңалығы» ретінде «Астана Опера» театрының орындаушысы Бибігүл Жанұзақ пен «Астана Балет» театрының «Nine» хореографиялық миниатюрасын марапаттады.