«Ұят жоқ сенде!»: Нұрай Серікбайдың әкесі эмоцияға берілді

Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты өтіп жатқан сот отырысында айыпталушы Шерханның әкесі Әлмахан Макенов куәлік берді, деп хабарлайды Arbat.Media.

Оның айтуынша, ұлы суық қаруға әуес болмаған, үйінде ешқандай қару-жарақ коллекциясы болмаған. Сондай-ақ ол Нұрайдың үйге өз еркімен келгенін және сол күні көңіл күйі жақсы болғанын мәлімдеді.

Алайда бұл мәлімдемелермен марқұмның әкесі Бауыржан Сағымбек келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, Шерхан қызды күштеп көлікке отырғызып, телефонын тартып алған және Алматыдан Шымкентке алып кеткен. Сондай-ақ қызына ұзақ уақыт бойы психологиялық қысым көрсетілгенін жеткізді.

Бауыржан Сағымбектің пікірінше, егер құқық қорғау органдары қызды ұрлау мен аңдуға қатысты арыздарға дер кезінде назар аударғанда және айыпталушының ата-анасы ұлының әрекетіне ертерек араласқанда, қайғылы оқиғаның алдын алуға болар еді.

Сот барысында ол бұған дейін де Шерханның әкесіне бірнеше рет ескерту жасағанын айтып, ұлының Нұрайды аңдып, мазасын алып жүргенін жеткізгенін мәлімдеді. Осы сәтте марқұмның әкесі айыпталушының әкесіне қарата: «Ұят жоқ сенде!» деп эмоцияға берілді.

Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.

Нұрай Серікбай сот Әке Қылмыс

Тақырыпқа жаңалықтар