Қазақстан жаңалықтары21 ақпан 2024, 15:00

Халықты қарызға батырған қай ұйым?

Әдетте азаматтар қаржылық мәсе­лесін шешу үшін банктің немесе микроқаржы ұйымының (МҚҰ) көмегіне жүгінеді. Бұл ретте көбі микроқаржы мекемесін таңдайды. Оған екі себеп бар. Бірі – көп жағдайда екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) ірі көлемде ғана қарыз береді. Екіншісі – онсыз да банк қарызына белшеден батқан тұтынушы оған тағы баруға беттемейді. Қазір ха­лық­тың қаржы ұйымдары алдын­да­ғы қарызы «қызыл сызықтан» аттап кетті. МҚҰ мен дәстүрлі қар­жы ұйымдарының уәжі бір-бірін кінәлаудан әрі аспай тұр. Қарыз болса өсіп барады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бірінші несие бюросы таратқан мәліметте «несие карталарына деген сұраныс азайып, МҚҰ-ның «жалақыға дейін қарыз» деп аталатын қызмет түріне жүгінушілердің қатары өсіп кетті» деп айтылады. «Бұл жерде мәселе 45 күнге 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшеріне дейін (2023 жылы – 172,5 мың теңгеге дейін) берілетін шағын несиелер туралы айтылып отыр. Берілген сома жылына бірден 102,6%-ға – 790 млрд теңгеге дейін, беру саны 72,5% – 13 млн бірлікке дейін өсіпті. Жыл ішінде берудің медиандық сомасы 50 мың теңгені құрады» делінеді БНБ таратқан мәліметте. Сарапшылар МҚҰ тарапынан берілетін қарыздың мұндай түрінің күмәнді тұсы көп екенін айтады. Микрокредиттік ұйымдар ай сайынғы несиені табысын растамай-ақ бере береді. Қызметінің банк заңнамасына қайшы келетін тұсы да осы екен.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі таратқан мәліметтерде кейбір МҚҰ қарыз алушының қарыздық жүктеме коэффициентін сақтамаумен қатар, жылдық тиімді мөлшерлемеден асып түсетіні айтылған. Сондай-ақ ша­ғын несиені қайта құрылымдау тура­лы өтінішті қарау кезінде айыппұл­дар­­дың есептелуі МҚҰ тарапынан заң бұзушылық болып саналады екен.

Қаржы сарапшысы Ерлан Ибрагимнің айтуынша, қаржы саласының табиғаты нақтылыққа басымдық береді. Қазір банктердің көбінде 30-40 күнге өте төмен пайызбен 50 немесе 100 мың теңге беретін несие картасы бар. ЕДБ мұндай картаны айлық жалақыны өздерінен алатын немесе төлем қабілеті күмән тудырмайтын клиенттерге ғана береді.

Қысқа мерзімге берілетін онлайн несие барысын қадағалайтын KazFinTech қауымдастығы мұнымен келіседі, бірақ жағдайдың күрделеніп кеткенін естен шығармауымыз керектігін ескертеді. Ішкі нарықта көлеңкеде жұмыс істейтін микроқаржы ұйымы өте көп. Бір айға немесе 45 күнге құжатсыз несие беру мә­се­лесінде де басын ашып алатын мәсе­ле­лер баршылық.

Қауымдастықтың басқарма төрағасы Алексей Сидоров бізбен әң­гі­месінде кірісті тексеру кезінде компаниялар қарыз алушының өзі ұсын­ған деректерге сүйеніп, жанама әдіс­тер арқылы баға­лайтынын айтып берді. Ал табыс­қа қарамай несие бере бере­тін ком­па­ния­лар­дың жұмысын тек заңсыз­дық деп бағалау жеткіліксіз. Бұл МҚҰ мен ЕДБ бірігіп шешетін күрделі мәселе.

Қазақстанда 254 микроқаржы ұйы­мы­ның 50-і онлайн несие берумен ай­на­лысады. Осыған байланысты Қаржы на­ры­ғын реттеу және дамыту агенттігі былтыр МҚҰ-ның қызмет мәзірінен 45 күнге дейінгі мерзімге және 50 АЕК-ке дейінгі сомаға шағын несиелерді алып тастауды ұсынды. Бұл бастаманы нарық қатысушылары әлі талқылап жатыр. Айта кетейік, 2023 жылдың соңында 300 мыңнан астам отандасымыздың онлайн-несие бойынша қарызының мерзімі өтіп кеткен. Жалпы, қарыз шамамен 37-40 млрд теңгені құрайды.

Бірінші несие бюросы мен KazFinTech дерегі бойынша, 2023 жылдың қазан айының соңында онлайн-микроқаржы ұйымдарының несие портфелі шамамен 136 млрд теңге болды. Мерзімі өткен несие үлесі – 13-15%. Тұтынушылық несиелер құрылымында онлайн МҚҰ үлесі – шамамен 1,1%.

Сарапшы МҚҰ-ның жоғары сыйақы мөлшерлемесі туралы ескертуді көп ести­тінін жасырмады. Бірақ іс жүзінде мүл­дем олай емес, МҚҰ пайыздық мөл­шерлемесінің шекті дәлізі Ұлттық банк бақылауында тұрғандықтан, еш­кім шектен асып кете алмайды дейді. Қаржы агенттігі соңғы үш жыл ішін­де тұтынушылар мүддесін қорғау үшін қолданыста жүрген заңдарға 50-ден аса өзгеріс енгізген. Бұл өзгерістер онлайн несие пайызын 30-дан 20-ға дейін қысқартқан. Кешіктіргені үшін төленетін төлем 100-ден 50%-ға дейін төмендеген. Сондай-ақ төлеу мерзімі 90 күннен аспаған несиеге айыппұл төлеттіру заңмен шектелді. Қарызын төлеуді 60 күнге кешіктірген тұлғаға несие беруге тыйым салынды. Сала мамандары бұл түзетулер халықаралық талапқа сәйкес келмейтінін айтып отыр. Сарапшылардың сөзінше, әлемде онлайн несие берушілер үшін стандартты нормативтік база жоқ. Олар банктік емес несие беруші үшін қолданыстағы ережелермен, кейде банк лицензиясы негізінде реттелуі мүмкін.

А. Сидоровтың айтуынша, қазір бұл мәселе бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен келіссөз жүріп жатыр.

2024 жылдың 1 сәуірінен бастап қарыз коэффициентін есептеуге жаңа талаптар қойылады. Бұл үшін МҚҰ төлем қабі­леттілігін бағалауда клиенттің ресми кірісін тексеруі қажет.

нан кейін тарифтерді одан әрі төмендетуге өте мұқият қарауды ұсы­на­мыз», деп қорытындылады Алексей Сидоров.

Тәуелсіз экономист Айдархан Құсайыновтың айтуынша, бүгінде Қа­зақ­стан халқының проблемалық несие­сінің нақты көлемі – 140 миллиард теңге.

«Атамекен» ҰКП өкілі Тимур Жәркенов те осы мәселеге орай өз пікі­рін ортаға салады.Finprom.kz хабарлағандай, 2023 жылдың үшінші тоқсанының қоры­тын­ды­сы бойынша МҚҰ несие портфелі 7%-ға өсіп, 1,2 трлн теңгеге жетті. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі онлайн микроқаржы секторын реттеуді тек 2020 жылы бастады. Осыған байланысты статистикалық көрсеткіштердің логикасы мен таңдауы өзгеріп, сандар өсті. Тәжірибеде 1,2 триллион теңге шағын несиенің 46,4 пайызы осы сек­тор­дағы ең ірі үш ұйымға ғана тие­сі­лі болып шықты. Сарапшылардың айтуынша, МҚҰ жұмысын біржақты емес, шартты түрде үш санатқа бөліп, қарастыру керек:

 

  • Алғашқысы – ірі «дәстүрлі» МҚҰ;
  • Екіншісі – автонесие бойынша маманданған МҚҰ;
  • Үшіншісі – қамтамасыз етілмеген шағын кредиттерге арналған онлайн МҚҰ.

 

БНБ мәліметі бойынша, онлайн-МҚҰ несиелеудің жалпы көлемінің небәрі 0,6%-ын құрайды, ал микроқаржы ұйымдарындағы несиенің орташа сомасы – 60-70 мың теңге. Микроқаржы ұйымдарының «ғарыштық» пайыздық мөлшерлемелерге қатысты сынына ке­­ле­тін болсақ, микрокредиттер бо­йынша артық төлемнің шекті мөлшері заң­мен реттеледі. Пайызға қатысты шағымның көбі МҚҰ-ның жылдық несие бағасының жоғары болуына байланысты, бірақ іс жүзінде қарыз алушылар аздаған соманы бірнеше күн ішінде шамалы артық төлем арқылы өтейді.

Finprom сарапшылары МҚҰ әлеу­мет­тік тұрғыдан сезімтал болып қала беретінін айтып отыр. Олардың ха­лық­тық сипатқа ие бола алмауына төлем қабілетін дәлелдей алмайтын аза­маттардың көптігі кедергі. Азамат­та­рымыздың қанша пайызының жұ­мыспен қамтылғанын БЖЗҚ салым­шы­ларының санынан көреміз. Соңғы мәліметтер бойынша, 2,55 миллионға жуық адам ешқандай жарна аудармаған. Осынша адамды банктік скоринг несиеге бекітпегендіктен МҚҰ көмегіне тәуелді. Ал МҚҰ-лардың несие па­йызы ЕДБ-ға қарағанда жоғары. Заңды түрде тіркелмей, көлеңкеде жұмыс істеп жүрген МҚҰ жайында деректер өте аз. Халықтың қарызға бату себебін МҚҰ-дан іздеп жүрген реттеуші орындардың құ­рығын көлеңкеде жүргендерге де бағыт­тайтын кез келді...

 

микроқаржы халық Қарыз екінші деңгейлі банктер

Тақырыпқа жаңалықтар