Жамбыл облысында төтенше жағдай. Соңғы мәліметтер
Жамбыл облысында өңірлік деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Өңірде жолдар жабылып, пойыздар тоқтап қалды. Облыс жолдарында 750-ден астам полиция қызметкері күндіз-түні кезекшілік етіп жатыр.
12 желтоқсанда күн райының күрт нашарлауына (температураның төмендеуі, қарлы боран) байланысты республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобанының «Тараз-Алматы» бағыты бойынша және облыстық маңызы бар бірқатар жолда көлік қозғалысы тоқтатылған.
13 желтоқсан сағат 22:10 шамасында Қызылқайнар, Гродеково, Полатқосшы ауылдық округтеріне баратын магистралды 325-тік құбыр жарылып, газ желісі істен шыққан болатын. Газ шаруашылығы қызметкерлері үздіксіз жұмыс жасап, дәнекерлеу жұмыстарын аяқтады.
13 желтоқсаннан бастап Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасымен жедел штаб құрылып, мәселені бақылауда ұстап отыр. Құтқару жұмыстарына 117 арнайы техника, 103 адам (ТЖД, әскери қызметшілер) жұмылдырылған. Шу ауданында электр желісі үзіліп, тіреуіштер құлаған. Облыстың 4 ауданындағы 32 елді мекенде 8 882 абонент жылусыз қалды.
14 желтоқсанда Жамбыл облысындағы тасжол бойында 500-ден астам жүк көлігі қалып қойды. Жамбылдық полицейлер автожолдардағы жағдай дұрысталып, қауіп сейілгенше азаматтарға жан-жақты көмек көрсетуге кірісті. Алыс жолға шыққан көліктердің майы қатып, техникалары істен шығып, жолда бұзылып қалып жатыр.
14 желтоқсанда жолаушылар мінген 100-150 көлік Алға мен Қордай ауылдарының арасында қалып, Қырғызстанға өте алмаған. Оларды құтқаруға Қазақстан тарапынан 99 құтқарушы мен 37 ауыр техника жұмылдырылды. Қырғызстанның төтенше жағдайлар министрлігі 39 құтқарушы, 5 ауыр техника, бір жүк көлігі және 2 қарда жүретін көлік жіберді.
14 желтоқсан күні сағат 23.00-де 1279 адамды құтқарып эвакуациялады. Әлі де қар құрсауында қалып отырған көлік саны нақтыланып жатыр.
15 желтоқсанда облыста өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.
15 желтоқсанда Шу-Отар аумағында 11 жолаушылар және 12 жүк пойызы тоқтап қалды.
13-15 желтоқсан аралығында 11 мың текше метрден астам қар күрелді.
Облыс аумағында тұрып қалған пойыздар қайта жолға шықты.
Облыс жолдарында 1000-нан астам көлік кептелісте тұр. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының 163-тен 230-шақырымына дейінгі учаскесі (жаңа Қордай асуы), «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолының Астана қаласы бағытындағы 125-шақырымы, Түркістан облысымен шекарада Шақпақ ауылы маңындағы Күйік асуы жабылды.
Қордай және Шу аудандарындағы төтенше жағдай 5 жолаушылар пойызының тоқтауына себеп болған: №10 Нұр-Сұлтан 1 - Алматы 2; №9 Алматы 2 - Нұр-Сұлтан 1; №29/30 Атырау - Алматы 1; №3 Алматы 2 - Нұр-Сұлтан; №505/506 Алматы 2 - Жезқазған.