Жемқорлық туралы хабарлаған төрт тұрғыны 5 млн теңге сыйақы алды
Батыс Қазақстан облысында биыл сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған 4 адамға 5 млн теңге сыйақы төленді, - деп хабарлайды Arbat.media.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Әділхан Сабуровтың айтуынша, біржолғы ақшалай сыйақы қылмыстың ауырлығына байланысты 30-дан 100 АЕК-ке (103 500 – 345 000 теңге аралығында) дейінгі мөлшерде белгіленеді.
Егер пара немесе келтірілген залал сомасы 1 мың АЕК-тен (3450 теңгеден) асатын болса, біржолғы сыйақы соның 10 пайызын құрайды. Бірақ 4 мың АЕК-тен аспайды.
Департамент басшысының сөзіне қарағанда, көтермелеу ақпараттың дұрыстығы, сондай-ақ заңды күшіне енген сот үкімі немесе әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы шығарылған кезде ғана жүзеге асырылады.
«Сыбайлас жемқорлықтың кез келген деректері бойынша азаматтар тәулік бойы жұмыс істейтін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 Call-орталығына, сондай-ақ тікелей біздің департаментке жүгіне алады», - дейді Ә.Сабуров.
Оның мәліметінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл бүкіл қоғамның белсенді қатысуынсыз мүмкін емес. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет азаматтық қоғамдастықпен өзара іс-қимылға көп көңіл бөледі. Мысалы, биылғы тамыз айынан бастап елімізде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы іске асырылуда. Мұндағы мақсат – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке бей-жай қарамайтын азаматтарды еріктілер ретінде тарту.
Батыс Қазақстан облысында жоба іске қосылғаннан бері 132 ерікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға барынша жәрдем көрсетуге ниет білдірді, олар департамент қызметкерлерімен бірге белсенді жұмыс істеуде. Қоғамдық бақылау аясында бағаны көтеру, бюджет қаражатын жұмсау тиімділігіне қатысты, сондай-ақ өңірдің проблемалық мәселелеріне және тиісті жұмыс сапасы жоқ нысандарға мониторинг жүргізеді.
«Биыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлер 19 млн теңгеден астам сомаға бағаны көтеру тәуекелдерінің алдын алды. Мысалы, денсаулық сақтау саласындағы ұйым 1 дана дизель генераторын 6 млн 910,985 мың теңге бағамен сатып алуды жоспарлаған болатын. Бұл ретте аталған тауардың бағасы 5 млн 530 мың теңге еді. Еріктілердің бастамасымен департамент ұсынымдар енгізді, нәтижесінде ұйым осы тауарды сатып алудан бас тартты. Осылайша, 6,9 млн теңге сомасына бюджет қаражатын жұмсауға жол берілмеді. Тағы бір мысал, аудандардың бірінде демалыс орталығы жалпы сомасы 10 дана микшерлі консольдың әрқайсысын 1,3 млн теңгеден сатып алуды көздеген. Алайда аталған тауардың құны 126 579 теңге болатын. Ұсыным негізінде аталмыш орталық тауардың бағасын қайта қарап, 9,2 млн теңге бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға жол берілмеді», - деді Ә.Сабуров.