Зілзалада пана болған киіз үй: Түркияға деген риясыз пейілімізді көрсетті
«Ырыс алды – ынтымақ» дейді дана халқымыз. Былтыр Түркия жерінде болған алапат зілзаладан кейін отандастарымыз қаржы жинап, бауырлас елге мыңдаған киіз үй жөнелтіп, ынтымағын танытқан еді. Жер сілкінісі салдарынан үйсіз-күйсіз далада қалған түрік бауырлар сол киіз үйдің қызығын көрудей-ақ көріп, атажұрттағы ағайынға көздеріне жас ала алғыс жаудырған-ды. Қазір сол көшпелілер баспанасы қайда екен деген сұрақ қолымызға қалам алдырды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Egemen.kz жазады.
Қиын-қыстау шақта қазақ халқы да қарап отырмай, бауырлас елге гуманитарлық көмекті күндіз-түні жіберді. Соның ішінде жер сілкінісінің тауқыметін тартып, қайғыдан қан жұтқан түріктерге жәрдем болған баспана – қазақтың киіз үйін айрықша атап айтсақ артық етпес. Жұрттан жиналған 20 миллион теңгеге жуық қаржыға алғашында 45 киіз үй сатып алынған еді. Кейіннен бұл сауапты да игі істің соңы толқынды қуған толқындай әсер алып, бүкілхалықтық сипатқа ие болды.
Түркияға киіз үй жөнелту бастамасының басы-қасында жүрген әріптесіміз Нұрбек Бекбауға хабарласып, қайғыдан қан жұтқан халыққа қанатымен су сепкен қарлығаштай қызмет қылған қазақтың киіз үйінің қазіргі күйін сұрастырдық.
–Түрік бауырларға гуманитарлық көмек ретінде 100 киіз үй алып бармақ болдық. Бірақ жолда сынып қалғаны бар, ұшаққа сыймағаны бар, жалпы саны 92 киіз үй жеткіздік. Оларды негізінен Хатай, Қахраманмараш, Газиантеп қалаларына құрдық. Одан бөлек, отандық кәсіпкерлер 30 киіз үй қосты. Осылайша, жалпы саны 125-тей қазақ үйді Түркияның 10 қаласына тігіп шықтық, – дейді белгілі журналист Н.Бекбау.
Оның айтуынша, ынталы топты Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Нәжмеддин Біләл Ердоған қабылдап, Қазақстаннан 6 мың киіз үй алуға тапсырыс берген екен. Бірақ елде бірден мыңдаған киіз үй дайындап бере қоятын цех болмағандықтан әрі инвестиция жағы қиындап кеткен соң бұл тапсырыс толық орындалмапты.
– Қол қусырып, қарап отырмай біз қырғыз бауырларды да бұл іске тарттық. «Air Astana» компаниясының қызметкері Гүлім Қайырденқызы, кәсіпкер Дастан Жұмабай үшеуіміз білек сыбана кірісіп, қазақ жерінен Анадолыға бас-аяғы 2 мыңнан аса киіз үй жеткіздік. Қырғыздар да сол екі мыңның шамасында киіз үй жөнелтті. Бұл шаруа жалғасып жатты. Осылайша, қажет етілген 6 мың киіз үй санын шығара алдық, – дейді Н.Бекбау.
Н.Бекбаудың айтуынша, киіз үйлерді Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы алдағы Көшпелілер ойындарына қолдану мақсатында қоймасына жинап қойыпты. Бұл киіз үйлердің ішінде жуынатын жері, әжетханасы қоса қарастырылған. Табиғи апаттан қатты қираған Қаһраманмараш пен Хатай қалаларында құрылыс жұмыстары жүріп жатқандықтан, әлі күнге киіз үйде тұрып жатқан тұрғындар бар екен.
– Қала әкімшілігі оларға бірнеше мәрте заманауи контейнер-үйлерді ұсынған екен, бірақ олар өздеріне қазақы үй ыңғайлы екенін айтып темір баспанадан бас тартқан. Қазір сол Қаһраманмарашта киіз үйлер қаз-қатар тігілген үлкен-үлкен шағын аудандар бар. Халықарлық AFAD ұйымы Ливияда су тасқыны болып, боран тұрып, үйлер қираған кезде 500-ге жуық киіз үйді сол елге гуманитарлық көмек аясында жеткізіпті. Жағдай түзеліп, бәрі дұрысталған соң ол киіз үйлерді қайтадан Түркияға алып келген, – деген Н.Бекбау кейбір киіз үйлер жоғары оқу орындарында, халықаралық көрмелерде, адам көп жүретін орындарда да тігілгенін жеткізді.
Осылайша, бауырлас елге қазақ пен қырғыздан жеткен 6 мың киіз үйдің төрт мыңы жағдайға байланысты түрлі мақсатта әлі пайдаланылып жүр екен. Одан бөлек түркиялық қазақтар да киіз үйлер сұратқан. Оларға да берілмек. Бір сөзбен айтқанда, миллиондаған қаражатқа жеткізілген киіз үйлер қоймаларда құр босқа шаң басып жатқан жоқ.