Қазақстан жаңалықтары12 желтоқсан 2023, 13:19

Журналист: Әнші Ерлан Көкеев Түркияда адам қағып, Қазақстанда бой тасалап жүр

Белгілі журналист Гүлмира Әбіқай Түркиядағы кәсіпкердің Қазақстан әншісіне қатысты оқиғасын баяндады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Журналистің жазбасына қарағанда, түрік кәсіпкерінің есімі - Лера. Ол жазда Анталияға барған Гүлмира Әбіқайға осы жайтты әңгімелеп берген.

«Оқиға былай өрбіген, Лера 26 жылдан бері Түркияда тұрады. Жылжымайтын мүлік сатып, жалға көлік берумен айналысады. Теңіз жағалауындағы шаһарға Қазақстан әншілерінің легі аттанғанда, жарнамалық ұсыныспен Көкеевпен танысады.

“Қасында жұбайы, жанында 5-6 баласы бар екен, үлгілі әке ретінде көрдім” дейді Лера.

Былтыр әнші Лерадан жалға көлік алады. Отбасы, бала-шағасымен бір шараға барып, мас күйінде мото жүргізушіні қағып кетеді», - делінген автордың жазбасында.

Есі шыққан Ерлан Көкеев Лерадан көмек сұрайды, ол таныстарын салып, сақтандыру ақысын төлеп, әншіні кепілге шығарып алады.

Жапа шеккен Түркия азаматы, жас жігіт ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіледі. Бәрібір денсаулығы оңалмай, қазір мүгедек болып қалғанын айтқан Лера.

«Түркия заңы бойынша, жол-көлік оқиғасының барлық шығынын рульдегі жүргізуші емес, көлік рәсімделген иесі көтереді.

“Көлік пен медициналық сақтандыру, кепіл ақысы мен сот отырысының шығыны 34 мың евро болды. Оны өтегенше Ерлан мен әйелі жанымнан шықпай, өлердегі сөздерін айтып, арашалауын өтінді. Алғашқы шығындарды өтеген соң, Көкеев көлеңкесін көрсетпей кетті” деп назын білдірді Лера.

Басында телефонын алмай, кейін Лераның нөмірін мүлдем бұғаттап, өзі Қазақстанға тайып тұрса керек.

Қазір бүкіл Алания "АБК" тобының экс-әншісін шарқ ұрып іздеп жүр», - деп жазды Гүлмира Әбіқай.

Содан кейін журналист елге оралған соң, Ерлан Көкеевке 2-3 рет хабарласқан, телефонды көтерген көмекшісі ол жол-көлік оқиғасы жайлы білмейтінін айтыпты.

Ерлан Көкеев түркия Апат қашып жүр

Тақырыпқа жаңалықтар