Бейбіт Жұқаев Мексикадағы жарыстың ширек финалына өтті
Қазақстандық, әлемнің 192-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Морелос (Мексика) челленджер турнирінің ширек финалына өтті. Жарыстың 8-ракеткасы Б.Жұқаев екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 430-сатыда тұрған америкалық Кристиан Лангмодан айласын асырды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
Қазақстандық спортшы бірінші партияда есеп 4:3 болған мезетте брейк жасай алды – 6:3.Екінші сетте тай-брейкте Бейбіт өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 7:6 (7:5).
Бір сағат 20 минутқа созылған бәсеке барысында Жұқаев 8 эйспен бірге 3 брейк-пойнттың екеуін өз есебіне жазды. Лангмо 13 эйс жасап, 3 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды.
Бейбіт Жұқаев жартылай финалға шығу үшін әлемнің 135-ракеткасы, аустралиялық Адам Уолтонмен шеберлік таластырады. Ол рейтингіде 327-орындағы швейцариялық Антуан Бельені ұтты - 7:6 (13:11), 6:4.
Қазақстандық теннисші ATP Live рейтингісінде 185-орынға көтеріліп тұр. Бейбіттің бұған дейінгі үздік көрсеткіші 186-саты еді.