Елена Рыбакина WTA чемпиондық кестесінде үздіктер қатарында келеді
Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина WTA чемпиондық кестесінде екінші орында келеді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Қазақстандық теннисшінің 3 583 ұпайы бар, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек 4 335 ұпаймен көш басында тұр. Әлемнің 2-ракеткасы, беларусьтық Арина Соболенко (3 278 ұпай) үшінші орында.
Осы аптада Е.Рыбакина Мадрид WTA 1000 турнирінің жартылай финалына дейін жетіп, онда А.Соболенкоға жол берген еді.
Мадрид жарысынан кейін қазақстандық теннисші WTA рейтингісінде 6 673 ұпаймен бұрынғысынша 4-сатыда қалады. Үздік үштікте И.Швентек, А.Соболенко және америкалық Кори Гауфф тұр.
Е.Рыбакина әлемде әйелдер арасында эйс жасаудан көш бастап келеді. Жыл басынан бері 35 ресми матчта Елена эйс санын 229-ға жеткізді.
Алдағы аптада басталатын Рим WTA 1000 додасында Е.Рыбакина өткен жылғы чемпиондық атағын қорғайтын болады.