Спорт6 шілде 2024, 14:28

Еуропа чемпионатының ширек финалында соңғы екі ойын өтеді

Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатында бүгін, 6 шілдеде ¼ финалда соңғы екі ойын өткізіледі. Кешкі сағат сағат 21.00-де Англия мен Швейцария шеберлік байқасады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Кездесу Дюссельдорф қаласындағы «Меркур Шпиль-Арена» стадионында өтеді, - деп жазады Kazinform агенттігі.

С тобында сынға түскен Англия Сербияны 1:0 есебімен жеңсе, Даниямен 1:1, Словениямен 0:0 есебімен тең ойнады.

Англиялық футболшылар ширек финалда Словакияны қосымша кезеңде 2:1 есебімен сүріндірді.

А тобында сынға түскен Швейцария Венгрияны 3:1 есебімен жеңсе, Шотландия және Германиямен 1:1 есебімен тең ойнады.

Ал 1/8 финалда олар Италияны 2:0 есебімен тізе бүктірді.

Екі құрама бұған дейін 27 мәрте кездесіп, 18-де Англия, 3-де Швейцария басым түссе, қалғанында тең нәтиже тіркелді.

Бүгін түнгі сағат 00.00-де Нидерланд пен Түркия кездесуі басталады.

Ойын Берлин қаласындағы «Олимпиаштадион» стадионында өтеді.

Нидерланд D тобында Польшаны 2:1 есебімен жеңіп, Аустрияға 2:3 есебімен есе жіберсе, Франциямен 0:0 есебіне қанағат білдірді.

1/8 финалда олар 3:0 есебімен Румынияның осал тұсын тапты.

F тобында ойнаған Түркия құрамасы Грузияны 3:1, Чехияны 2:1 есебімен тізе бүктірсе, Португалияға 0:3 есебімен есе жіберді.

Түркиялық футболшылар ширек финалда Австриядан 2:1 есебімен басым түсті.

Екі құрама бұған дейін 14 мәрте кездесіп, 4-де Түркия, 6-да Нидерланд жеңсе, қалғанында тең түсті.

Еуропа чемпионаты ширек финал

Тақырыпқа жаңалықтар