Луис Рубиалис футболдан шеттетілді
Футболдан Испания Корольдігі федерациясының бұрынғы президенті Луис Рубиалес әйелдер арасындағы әлем чемпионатының финалында заңсыз әрекетке ерік бергені үшін спорттан үш жылға шеттетілді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Тиісті шешімді ФИФА жариялады, деп жариялады Еuronews.
Л. Рубиалес әлем чемпионатының марапаттау рәсімінде футболшы қыз Дженнифер Эрмосоны ернінен сүйіп алғанын бұған дейін жазған болатынбыз. Келеңсіз жағдай биылғы 20 тамызда орын алды. ФИФА сол уақытта Рубиалесті 90 күнге қызметінен шеттеткен еді. Кейін футболшы қыз прокуратураға ресми шағым түсіріп, істі тергеу басталды.
Еске салсақ, әйелдер футболынан әлем чемпионатында Испания Англияны 1:0 есебімен ұтып, алғаш рет жеңімпаз атанған болатын. Марапаттау рәсімінде Испания футбол федерациясының президенті Луис Рубиалес Дженнифер (Дженни) Эрмосоны ернінен сүйіп алады. Ол бұл әрекетін эмоцияға толы болуымен түсіндіріп, кешірім сұрады.
10 қыркүйекте Л.Рубиалес испан ұйымының президенті қызметінен кету туралы өтініш берді. Ал 15 қыркүйекте ол өзінің үстінен қозғалған іс бойынша күдікті ретінде жауап берді.