Уимблдон турнирінің іріктеу сатысына төрт қазақстандық теннисші шығады
Лондонда Уимблдон турнирінің іріктеу сайыстары басталады. Жылдың үшінші «Үлкен дулыға» жарысының іріктеу сатысында төрт бірдей қазақстандық теннисші бақ сынайды. Әлемнің 132-ракеткасы Михаил Кукушкин іріктеудің ширек финалында рейтингіде 278-орында тұрған украиналық Виталий Сачкодан өтуге тырысады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Әлемнің 163-ракеткасы Денис Евсеевтің қарсыласы – рейтингіде 171-сатыдағы франциялық Маттео Мартино, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Рейтингіде 208-орындағы Бейбіт Жұқаев әлемнің 154-ракеткасы, аустралиялық Юрий Родионовпен шеберлік байқасады.
Тағы бір қазақстандық, 229-орындағы Тимофей Скатов әлемнің 158-ракеткасы, италиялық Андреа Пеллегриномен сынға түседі.
Германиядағы Галле ATP 500 турнирінде өткен жылғы ұпайын қорғай алмаған Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик бүгін жаңартылған рейтингіде 17-орыннан 23-ке сырғыды. Осы аптада ол Истбурн (Ұлыбритания) ATP 250 жарысында 3-ракетка болып тіркелгендіктен, доданы екінші айналымнан бастайды.
Дүниежүзілік рейтингіде 58-орнын сақтап қалған Александр Шевченко Мальорка (Испания) ATP 250 турнирінің алғашқы айналымында рейтингіде 91-сатыдағы франциялық Констан Лестьенмен ойнайды.
А.Бублик те, А.Шевченко да Уимблдонда негізгі жарысқа қатысады.