20 мың студент хостел жағалап жүр
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде қанша студент хостелдерде тұрып жатқанын айтты, - деп хабарлайды Arbat.media.
«Жалпы, еліміз бойынша қауіпсіздігі, жайлылығы және басқалары сақталған шамамен 170 хостелмен, Алматыда 85 хостелмен келісімшарт жасалған. 20 мыңға жуық студент хостелдерде тұрып жатыр», - деді министр Үкімет отырысынан кейінгі брифингте агенттік тілшісінің сауалына орай.
Осы ретте Саясат Нұрбек жоғары оқу орындарымен келісімшарт жасасқан хостелдерге ғана мониторинг жүргізілетіндігін жасырған жоқ.
«Дегенмен, студенттердің баспана таңдауына – пәтер жалдап, хостелдерде тұруына шектеу қоюға құқығымыз жоқ. Мұндай есеп жүргізу өте қиын, мүмкін емес десек те болады. Өйткені, жатақханадағы орыннан бас тартатын студенттер де бар», - деді ол.
Сонымен қатар ол қаза болған студенттердің ЖОО-мен келісімшарт жасаспаған хостелде не үшін тұрғандығына қатысты сауалға жауап берді.
«Қазіргі уақытта үкіметтік комиссия барлық себептері мен заң бұзушылыұқтарды анықтап жатыр. Солардың шешімін күтуміз қажет», - деді министр.