Қазақстан жаңалықтары14 шілде 2024, 10:00

4 жасар бала өлімі: Атырауда балабақша директоры мен тәрбиеші үйқамақта отыр

Атырауда 4 жасар бала балабақшаның кәріз құдығына құлап, мерт болған еді. Осы іске байланысты балабақшаның директоры мен тәрбиешісі үйқамаққа алынды. Оқиға 10 шілдеде Атырау қаласының маңындағы Құрсай ауылында болған, - деп хабарлайды Arbat.media.

Күндізгі сағат 11:05–те осындағы «Чебурашка» балабақшасында 4 жасар бала кәріз құдығына құлап қайтыс болған, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Атырау облыстық прокуратурасының мәліметінше, қазір қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Қылмыстық іс балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау, абайсызда баланың өліміне әкеп соқтыру фактісі бойынша қозғалған.

«Бала құқығын қорғау — прокуратураның қадағалау қызметінің басым бағыты. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын бұзу фактілері, оның ішінде оларға қарсы қылмыстық құқықбұзушылық жасау фактілері ерекше бақылауда ұсталып отыр. Сол себептен Атырау қалалық прокуратурасының нұсқауымен балабақша директоры мен тәрбиешісі ұсталды. Олар Атырау қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамауға оқшауландырылды. Cот шешімімен 12 шілде күні үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», -деп хабарлады облыстық прокуратурадан.

 

Атырау Балабақша Бала өлімі

Тақырыпқа жаңалықтар