Алматы әуежайының жаңа терминалы су астында қалды
Алматыда толассыз жауған жаңбыр салдарынан жаңа әуежай терминалын су басты, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
«Биіктіктің айырмашылығына байланысты ескі және жаңа терминал арасында жаңбыр суы жиналып қалды. Салдарынан халықаралық рейстердің келу залын су басты. Бұл мәселені шешу үшін әуежайдың барлық қажетті қызметі жұмылдырылды. Қазіргі уақытта техникалық мамандар нөсер ағындарын тазарту жұмыстарын жүргізуде», - деп хабарлады Алматы халықаралық әуежай баспасөз қызметі.
Әуежай өкілдері халықаралық рейстердің ұшып шығу аймағында рейстерге әдеттегідей қызмет көрсетілетінін мәлім етті. Сондай-ақ ұшып келетін рейстерге уақтылы қызмет көрсету үшін барлық қажетті шара қабылдануда.
«Судан келген барлық зардап жақын арада жойылады. Жолаушылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігі – біздің басты міндетіміз. Қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз», - делінген хабарламада.