Алматыда жастар ұйымдарына академия құрылады
«Алматы қаласының жастар ұйымдарының акселераторы» жобасы іске қосылады дейді Алматы Жастар саясаты басқармасының Жастарды әлеуметтендіру және жастар бастамаларын қолдау бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Бекқайыров. Жоба аясында Алматы қаласының жастар ұйымдарын оқыту бойынша арнайы академия құрылмақ. Академия жастар мен жастар ұйымдарының мүшелерін модульдік бағыттар, түрлі тақырыптар бойынша оқытады. Академия жобаларды басқару, гранттарға өтінімдерді толтыру, қаржылық және шығармашылық менеджмент салаларын қамтиды, - деп хабарлайды Arbat.media.
«Жобаның мақсаты – Алматы қаласының жастар саясаты саласын дамытудың стратегиялық қадамдарын әзірлеу мақсатында тиімді, сапалы және нәтижелі топтық талқылауларды ұйымдастыру. Бұл курс өз қызметін жаңадан бастаған үкіметтік емес ұйымдардың барлық өкілі үшін, сондай-ақ әлеуметтік проблемаларды шешу жолдарын сапалы және тиімді таңдауды және оларды іске асыруды білмейтін жастар үшін өте пайдалы және маңызды болады», - дейді Нұрсұлтан Бекқайыров.
Ал брифингіге қатысқан «Алматы Студенттер Альянсы» корпоративтік қорының жоба үйлестірушісі Жұлдыз Жақсыбай бұл жоба Алматы қаласының 8 ауданында жүргізілетінін атап өтті. Жоба аясында 400-ден астам жас қыз-жігіт оқытылмақ. Курс жастар үшін тегін.
Алматы қаласының жастар ұйымдарының академиясы туралы толық ақпаратты ulesqos.kz сайтынан көруге болады.