Қазақстан жаңалықтары11 маусым 2024, 10:00

Асқар Жұмаділдаев басқаратын «Әл-Жәбрдің атасы» журналы өзбекше жарық көрді

Қазақстанда шығатын математика бағытындағы «Әл-Жәбрдің атасы» ғылыми-танымдық журналы өзбек тілінде жарық көрді. «Әл-Жәбрдің атасы» журналы былтыр қараша айында Қазақстанда жарыққа шықты. Оның бас редакторы — танымал математик, ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев, - деп хабарлайды Arbat.media.

Басылым негізінен балаларға арналған. Оның қазақ тіліндегі алғашқы саны 2 мың данамен жарияланған, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Кейін оған шет мемлекеттерден қызығушылық артып, оны өзге тілдерде басып шығару ісі қолға алынды. Атап айтқанда, журнал алғаш рет өзбек тіліне аударылып, таяуда Ташкент қаласында оқырман назарына таныстырылды.

«Бұл журналды шығаруға демеуші болған — менің студенттерім. Кезінде олар менен математика бойынша бірнеше кеңес сұраған еді. Сол кезде білер ақылымды айтқанмын, сол нәтижелі болса керек, қазір ол студенттерім үлкен жетісікке жетіп жатыр. Менің байқауымша, қазақ және өзбек жастарының арасында көп ұқсастық бар. Атап айтқанда, оқу, білім, ғылым жүейсінде және мінез-құлықта айырмашылық көп емес. Соның нәтижесінде болса керек, „Әл-Жәбрдің атасы“ журналына қызығушылық өте жоғары», — деді Асқар Жұмаділдаев.

Белгілі математик аталған журналдың өзбек тіліндегі нұсқасын оқитын жастардың қатары көп боларына сенімді.

«Біздің мақсат — ұлы аталарымыздың жолын жалғастыру. Кезінде бүкіл әлемнің дамуына ғаламат үлес қосқан Орталық Азиядан шыққан екі адам болса, соның бірі — Әл-Хорезми. Ол ғұламадан мына екі сөзі қалды: алгебра және алгоритм. Қарапайым телефон, теледидар және техниканың өзге де түрлері әуелі алгоритмнен құралады», — деп тоқталды Асқар Жұмаділдаев.

Өзбекстандық ғалымдар балалардың математика ғылымын игеру жолында бұл журналдың айтарлықтай пайдасы тиетініне сенім білдіруде.

Білімге құштар бүлдіршіндердің санасына серпіліс жасау мақсатында басылымның мазмұнын тереңдете түсу ұсыныстары да айтылды.

Оның ішінде қиын тақырыптарды ерекше әдістермен түсіндіруге бағытталған ойындарды қолдану жоспарланып отыр.

«Бұл журналдың өзбек тілінде жарық көруін қазақ-өзбек ғалымдары арасындағы өзара ынтымақтастық пен достықтың жарқын көрінісі деп айтуға болады. „Әл-Жәбрдің атасы“ журналының шығуына екі елдің ғылым академиялары, тиісті министрліктері мен жас ғалымдары қызығушылық білдірді, үлес қосты. Алдағы уақытта оның мазмұны тереңдеп, оқырманын жаңа біліммен сусындатады деген үміттеміз. Балалардың математикаға деген қызығушылығын арттыру мақсатында журналға өзгеше реңк беру туралы пікірлер айтылды. Оған сай, бүлдіршіндерге осы ауыр ғылым саласын түрлі ойындар арқылы жеткізу жоспарда бар», — деп пікір қосты ӨР Ғылым академиясы Жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары Гулсанам Тиллаева.

«Әл-Жәбрдің атасы» журналы өзбек тілінде айына бір рет шығарылады. Ол бастапқыда қазақ тілінде жарық көрген нұсқасының аудармасы ретінде жүреді.

 

Асқар Жұмаділдаев журнал Әл-Жәбрдің атасы өзбек тілі

Тақырыпқа жаңалықтар