Placeholder
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform
Kazinform
Қазақстан жаңалықтары18 тамыз 2024, 12:34

Астанадағы халықаралық көрме: есепке қойылған қазақы тазылар артып келеді

Бүгін елордада «Есіл таңы – 2024» атты түрлі ит тұқымдарының кезекті халықаралық көрмесі өтті. Көрме аясында Қазақстан кинологтары одағы қазақы тазының көрмесін ұйымдастырды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Көрме аясында генеологиялық тұрғыда тұқымы беймәлім иттер тексеруден өткізіліп, арнайы өлшемдері жасалып, соның нәтижесінде иесіне итінің бастапқы шыққан тұқымына қатысты халықаралық үлгіде сипаттама беріледі. Халықаралық көрмеге елімізден және көршілес мемлекеттерден 250-ге жуық ит жеткізілді, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Қазақстан кинологтары одағының президенті Бауыржан Серікқалидің айтуынша, тазылардың көрмесінде Астана мен жақын облыстардан 30-ға жуық тазы сайысқа түсіп жатыр. Көрменің басты мақсаты - тазылардың ішінен ең үздік құмайды таңдау. Көрме Қазақы тазы тұқымының танымалдығын арттыру үшін ұйымдастырылып отыр. Сол арқылы жергілікті асыл тұқымды иттерді халықаралық деңгейде танытуға, Қазақстанның ұлттық мұрасы мен мәдениетін ілгерілетуге маңызды қадам жасалады.

«Осындай іс-шаралар нәтижесінде тиісті құжаты жоқ тазыларды есепке алу жүзеге асырылады. Қазір көп тазыны әкеліп жатыр. Солардың арасынан стандартқа сай иттерді іріктеп, тиісті өлшемді жасап, сипаттамасы бар құжатты береміз. Жалпы, ауылдарда құжаты жоқ тазылар баршылық. Сондықтан елді мекендерге барып, осы стардартқа сәйкес келетіндерін есепке алып жатырмыз. Осы орайда елімізде нағыз тазылардың саны өсіп келеді», - деді Б. Серікқали.

Іс-шара барысында мамандар бекітілген стандарт бойынша әрбір иттің биіктігіне, құлағының ұзындығына, салмағына қарап, талапқа толық сай келгендеріне жақсы баға берді.

Бүгінгі тазылар көрмесіне елордалық Марат Семенов өзінің төрт тазысын алып келген. Оның екі жасар Арлан атты тазысы бүгінгі көрмеде жүлдегер атанды.

«Басты мақсат – селекция. Нақыт стандарқа сәйкес келу маңызды. Еліміздің аумағында осы стандартқа назар аударуымыз керек. Тазы тұқымын көбейтудің маңызы жоғары. Өткен ғасырдағы ашаршылық кезінде менің атам өзінің жеті тазысымен ауылындағы және көрші елді мекендердегі біраз халықты аман алып қалған. Қазір тазы өсіруге қызығып отырған жастар көбейіп келеді. Олар бұл салада кәсіби кинологтардан тәлім алуы керек. Бүгінгідей халықаралық көрмелерге жиі қатысуы тиіс», - деді М. Семенов.

 

Астана халықаралық көрме қазақы тазылар тазы

Тақырыпқа жаңалықтар