Ердоған Президентке түркиялық электромобиль сыйлады
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы саммитіне қатысқан Режеп Тайип Ердоғанға ілтипат білдіріп, елорда әуежайынан шығарып салды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Режеп Тайип Ердоған өзара құрметтің белгісі ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркияда шығарылған TOGG электромобилін сыйға тартты. Сондай-ақ Мемлекет басшысына жаңа электрокарды өзі таныстырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанға алғыс айтып, әріптесін TOGG электромобилінің өндірісін табысты іске қосуымен құттықтады.
Togg T10X – Түркия электромобиль өндірісінің тұңғыш өнімі. Техникалық сипаттамасында инновациялық көлік жылдамдығын 4,8 секунд ішінде 100 шақырым/сағатқа дейін үдете алатыны айтылған.
Аталмыш көлік Бурса қаласындағы зауытта меншікті модульдік платформа негізінде құрастырылады. Яғни, келешекте осы модульдік платформа негізінде көліктің техникалық сипаттары технология мен заман талабына сай жаңартылып, жетілдіріліп отырады деген сөз.
Togg T10X аккумоляторы 28 минуттың ішінде 60% қуат жинайды. Өндіріс иелері 2030 жылға қарай аталмыш көліктің 1 млн данасын 5 сегмент бойынша шығаруды жоспарлап отыр.
Түркия сайттарындағы мәліметтерге сүйенсек, бес есікті кроссоверге T10X индексінің берілуі де тегін емес. «Т» таңбасы «Türkiye» сөзінің басқы әрібі болса, 10 саны «С» сегментінің реттік нөмірін білдіреді. Ал «X» таңбасы көліктің шанағы кроссовер екенінен хабар береді.
Жалпы Togg брендінің тұңғыш электромобилі 2022 жылдың күзінен бері құрастырылып келеді. Бұған дейін Түркия автомобиль индустриясының жаңа мақтанышы БАӘ президетіне, Қатар әміріне, Сауд Арабиясының ханзадасына, Әзербайжан және Өзбекстан президенттеріне, Түрікменстан басшылығына сыйға тартылған.
етінде қатысты.