Қазақстан жаңалықтары11 маусым 2024, 10:12

K-pop, дорама және рамен — «халлю» Қазақстанға қалай келді

Соңғы 10 жылдың ішінде Оңтүстік Корея бүкіл әлемде нағыз мәдени дүмпу жасады десек, артық айтқанымыз емес. К-рор музыка мен дорамадан бастап, косметика мен аспаздыққа дейінгі корей мәдениеті күнделікті өмірде анық байқалады. «Корей толқыны» дегеніміз не екендігі әрі ол әлемді қалай жаулап алғаны жайлы не білеміз, - деп хабарлайды Arbat.media.

Халлю немесе корей толқыны

Корей мәдени-ақпараттық қызметінің хабарлауынша, «халлю» терминінің аудармасы «корей толқыны» дегенді, яғни, корейлік бұқаралық мәдениет пен ойын-сауық индустриясы танымалдығының арта түсуін білідіреді.

«Халлю» сөзі алғаш рет 1990 жылдардың ортасында пайда болды. Сол уақытта корей телесериалдары мен поп-музыкасы Қытайда өте танымал бола бастаған еді.

Сәтті түсірілген сериалдардың бірі «Махаббат бар ма?» туындысы 1997 жылы CCTV телеарнасынан көрсетіліп, 150 млн-нан астам қытайлық көрерменнің жүрегін жаулаған болатын.

«Халлю» термині танымалдығының арта түсуіне Оңтүстік Корея үкіметінің септігі мол. Air University мәліметінше, маңызды бастамалардың бірі бұрынғы президент Ким Дэ Чжун әкімшілігі жария еткен мәдени контентті қолдау жоспары болды.

Соның арқасында мәдени индустрияға бөлінетін бюджет 1998 жылғы 14 млн доллардан 2001 жылы 84 млн долларға дейін ұлғайды.

Сәл кейінірек, кино индустриясы мен цифрлық контент индустриясын дамытуға бағытталған заң қабылданды. Жалпы «халлюдың» қарқынды дамуына Үкіметтің қолдаумен қатар, жанкүйерлердің адалдығы да септігін тигізгені анық.

Фото: airuniversity.af.edu

Нәтижесінде Кореяның Мәдениет, спорт және туризм министрлігі әлемнің 30 елінде, оның ішінде Қазақстанда да Корей мәдени орталығын ашып отыр. Астанада орналасқан мұндай мәдени орталық әзірше Орталық Азияда біреу ғана.

Оның басты мақсаты — қазақстандықтарға Кореяны таныстыру және корей мәдениетін тарату. Орталықта корей тілі курсы үнемі өткізіледі әрі онда жыл сайын 900-ден астам студент білім алады.

Мұнан бөлек түрлі мәдени іс-шаралар, көрмелер мен фестивальдер, корей фильмдерінің көрсетілімі ұйымдастырылады.

K-pop

K-pop — «корей толқынының» ажырамас бөлігі саналатын және поп, рок, хип-хоп, электронды би музыкасы және R& B сияқты әртүрлі музыкалық стильдерді қамтитын корейлік танымал музыка.

2012 жылдың соңында әнші PSY орындауындағы «Каннам стилі» әнінің жарық көруі К-поптың әлемдік мойындалуы үшін маңызды сәт деп атауға болады. Бұл хит бүкіл әлемге кеңінен таралып, көптеген елдің чартында бірінші орынға ие болды және YouTube-те рекордтық қаралым жинады.

«Каннам стилі» әлемдік сахнада табысқа жетпес бұрын К-поп айдол-топтары да өте үлкен танымалдыққа ие болды. Бүгінгі таңда олардың арасындағы ең танымалы — BTS, BLACK PINK және EXO топтары.

2022 жылы BTS тобы Billboard Music Awards сыйлығы бойынша рекорд орнатты. Сонымен қатар Ақ үйге барып, президент Джо Байденмен кездесті.

2023 жылы Black Pink тобы YouTube арнасындағы ең көп қаралым бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енді және сол жылы топ мүшелері Букингем сарайына барып, Король III Чарльзден марапат алды.

Фото: yesasia.ru

Осындай танымалдықтың арқасында К-рор толқыны Қазақстанға да жетті. Елімізде бұл музыкалық бағыт өзіндік ұлттық ерекшеліктерге ие және көптеген Q-pop топтарының құрылуына септігін тигізді.

Бұл субмәдениеттің негізін қалаушы Ninety One тобы десек те болады. Топ жайында қазақстандықтар алғаш рет 2015 жылғы 8 қазанда YouTube-ке «Айыптама» әніне клип жариялаған кезде білді. 2019 жылдың 15 наурызында топ әртістері корейлік «I Can See Your Voice» шоуына қатысып, жеңімпаз болды.

ТОП-5 дорама

Дорама — телехикая дегенді білдіретін жапон сөзі. Орыс тілді ортада ол Жапониядан, Оңтүстік Кореядан, Қытайдан және басқа Азия елдерінен келген сериалдарға сілтеме жасау үшін қолданылады.

Корей дорамалары «корей толқынында» маңызды рөл атқарады. Әр көрерменнің көптеген жанрға және қалауына байланысты ең жақсысын таңдау кейде қиынға соқтырады. Бірақ рейтингке сәйкес үздік бестікке мыналар кіреді:

1. Гүлден де сұлу жігіттер (2009 жыл, 25 серия) — кедей отбасынан шыққан қыздың элиталық мектепке келгені және оның бай бозбалалар тобымен қарым-қатынасы жайында.

Фото: yesasia.ru

2. Мұрагерлер (2013 жыл, 20 серия) — отбасыларының бизнес-империясын бақылауға алуға тырысатын желіккен жоғары сынып оқушылары және корпорация мұрагерінің кедей отбасынан шыққан қызбен қарым-қатынасы жайында.

3. Күншуақ ұрпағы (2016 жыл, 16 серия) — айрықша бөлімше капитаны мен дарынды дәрігердің тарихы, олардың қарым-қатынасы және қауіптермен бетпе-бет келуі жайында.

4. Гоблин (2016 жыл, 16 серия) — өлмейтін гоблиннің қарапайым қызбен кездесуі, тылсым оқиғалар аясында олардың қарым-қатынасының дамуы жайында.

5. Махаббат аспаннан келеді (2019 жыл, 16 серия) — Оңтүстік Кореядан шыққан, алайда тосыннан Солтүстік Кореяға тап болған ауқатты адамның мұрагер қызы, оның саяси және мәдени айырмашылықтарды еңсере алған офицермен қарым-қатынасы жайында.

Егер кино саласы туралы айтатын болсақ, 2020 жылы корейлік «Паразиттер» фильмі «Үздік фильм" номинациясында Оскар алған ағылшын тілінде емес алғашқы кинокартина болды.

Сондай-ақ, 2021 жылы корейлік «Кальмар ойыны» сериялы Netflix тарихындағы ең көп қаралған туындыға айналды.

Корей асханасы

Ойын-сауық индустриясымен қатар «корей толқыны» Оңтүстік Корея мәдениетінің басқа аспектілеріне, оның ішінде тағамдарына қызығушылық оятты. Әр түрлі елде кимчи, рамен, бибимбап және самгетан сияқты түрлі тағамдар танымал бола бастады.

Жақында Yonhap ақпарат агенттігі рамен экспорты сәуір айында 108,6 миллион долларға жеткенін хабарлады. Бұл 2022 жылдың мамырынан бергі ең жылдам өсім саналады.

Фото: Pixabay

2023 жылы «ким» деп аталатын кептірілген балдырлардың экспорты рекордтық деңгейге — 790 млн долларға жетті.

Қазақстанда да корей тағамдары үлкен сұранысқа ие. Еліміздің көптеген қаласында корей мейрамханалары ашылған, ал корей азық-түлігін жергілікті дүкендерден де табуға болады. Мұндай мекемелерде Қазақстанда тұратын және дәстүрлі рецепттерді сақтаған этникалық корейлер жиі жұмыс істейді.

Қазақстанда этникалық корейлердің қоныстануы кеңестік режим кезеңіндегі депортация тарихымен байланысты. Бүгінде олардың саны 120 мыңнан асады.

Естеріңізге сала кетейік, жақында Астанадағы Корей мәдени орталығы қаланың аспаздық колледждерімен корей тағамдарын оқыту саласында ынтымақтастық туралы келісім жасады.

Сұлулық индустриясы және медицина

Оңтүстік Кореяның сұлулық индустриясы ұзақ уақыт бойы бүкіл әлем үшін бағдарға айналғанын атап өткен жөн. Таңғы шық елінің пластикалық хирургтары жоғары біліктілігінің арқасында ең үздіктердің бірі саналады. Дәл осы сала миллиардтаған табыс әкеледі.

Бұған дейін біз Сеулдегі заманауи сұлулықтың ең сәнді жетекші орталықтарының бірі — Гангнамда қазақстандықтар VIP-пациент саналатынын айтқан болатынбыз. Бүгінгі таңда лифтинг және бетті жасарту сияқты қартаюға қарсы операциялар клиникаларда ең танымал.

Көптеген отандасымыз Оңтүстік Кореяны эстетикалық хирургиядан басқа әртүрлі медициналық қызметтерді, оның ішінде жалпы ағзаны тексерту үшін таңдайды.

Ондағы медициналық көмектің құны Германия мен АҚШ-қа қарағанда шамамен екі есе және Израильге қарағанда 20-30 пайыз төмен. Жалпы медициналық тексерудің бағасы 500 мың теңгеден басталады.

Кореядағы көптеген медициналық ұйымдарда орыс тілді мамандар жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Тексеру нәтижелері бойынша дәрігерлер емдеу жоспарын, оның ішінде корей тіліндегі дәрі-дәрмектердің тізімін жазып береді. Оларды тек осы елде рецепт бойынша алуға болады.

Сондай-ақ, 2022 жылы Оңтүстік Корея Қазақстанға косметика импорттаушы топ-5 елдің қатарына енді. Бүгінгі таңда қазақстандықтар арасында негізсіз стереотип бар.

Оған орай егер өнімдер Кореяда жасалған болса, бұл оның міндетті түрде сапалы екенін білдіреді. Сондықтан көптеген адам тері күтіміне келгенде корей косметикасына сенеді.

Білім

Корей тілін үйрену шетелдік жастар арасында да кең таралып отыр. Қазақстандағы және басқа де елдердегі кейбір студент осы мәдениетке қызығушылық танытқандықтан корей тілін екінші шет тілі ретінде таңдайды немесе білім алу үшін барады.

Бүгінде 1 255 қазақстандық корей университеттерінде оқиды. Ең танымал бағыттар — ақпараттық технологиялар, медицина және бизнес.

Мәселен, қазақстандық Вера Ким бүгінде Оңтүстік Корея университетінде ветеринариялық медицинаны оқып жатыр. Бойжеткен бұл елдегі медициналық білім әлемдегі ең беделді және жаңашыл деп санайды.

Алайда, Вера оқыту бағдарламаларының көпшілігі корей тілінде екенін, ағылшын тілінде ақпарат аздығын айтады.

«Қазір корей тілін үйреніп жатырмын. Бұл — менің алғашқы оқу жылым. Маған мұнда бәрі ұнайды. Корейлер — мейірімді және жанашыр халық. Алайда, мен бір жыл корей тілін үйренуге жетпей қала ма деп алаңдаймын, өйткені қосымша білім алуға бұл тіл өте қажет», — дейді бойжеткен.

Қазақстан Оңтүстік Корея халлю K-pop, дорама және рамен

Тақырыпқа жаңалықтар