Қазақстан жаңалықтары28 қараша 2023, 8:00

Өгей қызын өлтірген әйелге қатысты сот отырысы өтті

Алматыда 7 жасар өгей қызын өлтірді деген күдікке ілінген қоғам белсендісі Балжан Тұрлыбекке қатысты сот отырысы басталды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Сот отырысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта өтті.

Жеті жасар қызды ұрып өлтірді деп айыпталған өгей шешеге қатысты сот отырысында прокурор айыптау актісін оқыды. Мемлекеттік айыптаушы Балжан Тұрлыбектің қылмысқа жоспарлы түрде барғанын айтып отыр.

Дәретіне ие бола алмайтын өгей қызы әбден мазасын алған соң, көзін құртып, өлімін жазатайым оқиғадай көрсеткісі келген. Мұндай сұмдыққа барған әйелдің ашуланшақ әрі қатігез екенін көршілері де растап отыр.

Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, өгей қызын ұрып өлтірді деп айыпталған Балжан Тұрлыбекқылмысты тыңғылықты жоспарлаған. Өйткені өгей қызы үлкен дәретін ескертпестен бұтына жіберіп қоятын болған соң, оның киімдерін жуудан жалыққан.

Кезек-кезек мінберге шыққан жәбірленуші тарап пен куәгерлер бірауыздан 47 жастағы Балжан Тұрлыбектің өте қатігез ана екенін айтты. Яғни қыздың өліміне өгей шешесін кінәлады. Бірақ айыпталушының өзі баланың өліміне басын қатырғысы келмейтін сыңайлы. 

Бәкен дегені қыздың туған әкесі. Әжесінің қолында болған қызын бірге тұрған әйелдің үйіне кіргізген де сол. Бірақ өзі алдыңғы сот отырысында да, бүгін де төбе көрсетпеді. Оның азаматтық некедегі әйелі Балжан Тұрлыбектің қатігездігін көршілері біледі екен.

Қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы оқиға биыл 10 шілдеде болды. Жеті жасар Карина өгей шешесінің қолында төрт ай бойы тұрғанда әбден таяқ жеген дейді жақындары. Ақыр соңында үлкен дәретін жіберіп қойғаны үшін қатігез әйел жеткіншектің басын қабырғаға ұрады. Қатты соққыдан миына қан құйылып, Карина бірден жантәсілім еткен. Жеткіншекті өлтірді деп айыпталған Балжан Тұрлыбек кезінде қоғам белсендісі болған. Енді кінәсі толық дәлелденсе, 20 жыл немесе өмір бойына дейін темір торға тоғытуы мүмкін. 

Ведомствоның баспасөз қызметі мәлім еткендей, істі судья Ерлан Болатов қарап жатыр.

Қылмыстық іс материалдары бойынша, күдікті ретінде 47 жастағы Балжан Тұрлыбек танылды.

 

 

Алматы өгей қыз өлім Қылмыс

Тақырыпқа жаңалықтар