Placeholder
ФОТО: Depositphotos
Depositphotos
Қазақстан жаңалықтары16 тамыз 2024, 10:00

Олимпиада: Үш спортшы мен екі жаттықтырушы коронавирус жұқтырып келген

Жүлдемен ғана оралмай, коронавирусты қоса ала келді. Олимпиадаға қатысқан ұлттық құраманың үш спортшысы мен екі жаттықтырушысы елге дерт жұқтырып келген. Ақпаратты туризм және спорт министрлігі растап отыр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы КТК телеарнасы жариялады.

Тіпті спортшылардың Ақордадағы марапаттау рәсімі де сол сырқатқа байланысты кейінге шегерілген.

Ал денсаулық сақтау министрлігі елдегі эпидахуал тұрақты, алаңдауға еш негіз жоқ деп отыр.

Күні кеше Париж төрінде өнер көрсеткен спортшылар елге оралған болатын. Қанжығаны 7 медаль — 1 алтын, 3 күміс, 3 қоламен толтырды. Бірақ жүлдемен қоса індетті де ала келіпті.

Министрлік нақты қай спортшының коронавирус жұқтырғанын ашып айтпады.

Белгілісі, үш спортшы мен екі бапкерден алынған ПТР-тес оң нәтиже көрсеткен.

Диас Ахметшәріп, ҚР Туризм және спорт министрінің қоғаммен байланыс және БАҚ жөніндегі кеңесшісі:

— Жеңіл формада өтуде. Қазір олар ем-дом қабылдауда. Оқшауланды. Қалған спортшыларымыз, яғни Ұлттық құрама дін аман. Сол себепті қазір каранавирустың бірнеше түрі бар. Сол бір түрімен жұқтырып алды. Өйткені Парижде 40-тан астам спортшы қазақстандық емес, басқа да Ұлттық құрамалар коронавирустың жеңіл түрімен ауырып жатыр.

Дүнижүзілік денсаулық сақтау ұйымы да КОВИД-19-дың біраз елде тарап жатқанын мәлімдеді. Соңғы айда әлемнің 84 мемлекетінде науқас саны көбейген. Мәселен, Париждегі Олимпиада ойындары басталмай жатып австралиялық екі спортшының ауру жұқтырғаны белгілі болды. Ал Қазақстандағы эпидахуал тұрақты дейді мамандар. Жыл басынан бері елімізде 1200 жағдай тіркеліпті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда сегіз есе аз.

Жасұлан Алпысбаев, ҚР ДСМ санитария-эпидемиологияны бақылау комитеті басқармасының басшысы:

— Жалпы коронавирус инфекциясы бойынша елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Енді өзге елдерде, мысалы, Оңтүстік Корея, Ресейде аздап өсім болса да, бірақ елімізде жағдай тұрақты. Енді бұл жерде айтып кетуіміз керек, бұл коронавирус инфекциясы қазір мониторинг нәтижесі бойынша GN1 деген Омикрон штамының субварианты айналымда жүр. Яғни өзге елдерде де осындай айналым бар. Бірақ бұл аурудың ауыр өтуіне немесе асқынуына себепкер болмайды.

Ауру жұқтырған спортшылар екі аптада карантинге жіберілген. Сондықтан олардың президентпен кездесуі де кейінге шегеріліпті. Жалпы еліміз бойынша өткен айда коронавирус жұқтырған 46 жағдай тіркелген. Ал Алматыда жыл басталғалы 290 жағдай тіркелсе, соның 37-сі жасөспірімдер мен балалар арасында.

Олимпиада коронавирус жаттықтырушы споршылар

Тақырыпқа жаңалықтар