Қазақстан жаңалықтары26 қараша 2023, 3:21

Оралда жыршы-термешілер байқауы аяқталды

Оралда Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арналған «Тартынбай сөйлер асылмын» республикалық жыршы-термешілер байқауы аяқталды, - деп хабарлайды Arbat.media.

БҚО әкімдігі, облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы ұйымдастырған жыр сайысына Қазақстанның батыс өңірінен және Қызылорда облысынан жеті жас орындаушы қатысты.

Екі кезеңнен тұрған байқауда Махамбет Өтемісұлына арнаған жыр-толғауын орындап, кейін Махамбет өлеңдеріне кезек берілді.

Екінші кезеңде Жиембет Бартоғашұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Марабай Құлжабайұлы, Әбубәкір Кердері, Сартай Көшкіншіұлы, Құмар Әбуғалиұлының бір шығармасын қазылар алқасының талқысына салды. Соңында Ығылман Шөрековтің «Исатай-Махамбет» дастанынан үзінді орындалды.

1 млн теңгелік бас жүлдені Қызылорда облысынан келген Нұрайым Ерталап жеңіп алды.  Ақтөбелік Бақыт Арыстанғалиева бірінші (800 мың теңге), батысқазақстандық Сәтжан Ғалымжанов екінші (700 мың теңге) және тағы бір қызылордалық Ұлдана Нұртуған үшінші (500 мың теңге) орынға ие болды.

Маңғыстау облысының өкілі Айсұлтан Есенғалиев Махамбет Өтемісұлы, атыраулық Аманжол Дауылбаев Исатай Тайманұлы атындағы арнайы жүлдемен (220 мың теңгеден) марапатталды.

Батысқазақстандық Темірлан Әкімжанов кәсіпкер Ермек Мәлікұлы тіккен арнайы жүлдені (200 мың теңге) қанжығасына байлады.

 

орал Тартынбай сөйлер асылмын жыршы-термешілер байқау

Тақырыпқа жаңалықтар