Қазақстан жаңалықтары6 наурыз 2024, 15:00

Полициядан «кек алған» Петропавл тұрғыны 15 тәулікке қамалды

Петропавл полицейлері осыған дейін тыныштықты бұзып, жауапкершілікке тартылғаны үшін тәртіп сақшыларынан «кек алған» 18 жастағы жасөспірімнің ізін суытпай ұстап, әкімшілік жауапкершілікке тартты, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

«4 наурыз күні Петропавлда сағат 08:20 шамасында № 11 учаскелік полиция пунктінің қызметкері жұмысына келіп, сынған әйнектер мен УПП тамбурындағы кіреберіс есіктің айқара ашық жатқанын байқаған. Бейне бақылау камераларының жазбасын қарап шыққаннан соң, кінәлі тез анықталды. Ол сол күні таңертең тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған 18 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Тиісінше қоңырау сағат 04:20 шамасында „102“ арнасына түскен» — деп хабарлады бірінші полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Тілеген Әлжанов.

Құқық бұзушы ішімдік ішкендіктен әрі оған салынған айыппұлға наразы болғандықтан осындай әрекетке барғанын айтқан.

«Бейнежазбадан оның терезені сындырып, тамбурға кіргені учаскелік полиция пункті үй-жайының кіреберіс темір есігін бұзып кірмекші болғанын көруге болады. Медициналық куәландыру көрсеткендей, құқық бұзушы мас күйде болған» - делінген хабарламада.

Мәлім болғандай, аталған факт негізінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 147-1 бабы бойынша «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» бойынша материал жиналды. Бесінші наурызда әкімшілік соттың шешімімен жас жігіт 15 тәулікке қамауға алынды.

Петропавл тұрғыны 15 тәулік Жасөспірім полиция

Тақырыпқа жаңалықтар