Қазақстан жаңалықтары29 қазан 2023, 2:43

Қарағандыда 13 кеншіні іздестіру жалғасып жатыр

Өрттің соңы жарылысқа ұласқан апаттан соң Костенко шахтасында қалып қойған 13 кеншіні табу мүмкін болмай жатыр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Казинформ жариялады. 

«13 шахтер әлі табылмады. Оларды іздестіру жұмыстары түні бойы жалғасады. Құтқарушылар оларды анықтау іс-қимылдарын тоқтатқан жоқ», – деді Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтерінің Республикалық орталық штабы Қарағанды филиалы директорының бірінші орынбасары Геннадий Силинский.

28 қазан күні түнгі сағат 02.33-те Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрт болды. Жер астында 252 адам болған, олардың 205-і бірден жоғары шығарылды. 

Сағат 17.33-тегі мәлімет бойынша 33 кеншінің денесі табылды,13 адам іздестіріліп жатыр. 20 жұмысшы ауруханаға жеткізілді.

Кейін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға тиесілі 8 шахтаның жұмысы уақытша тоқтатылды.

Кешқұрым брифинг өткізген Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов жер астында қалған 13 кеншіні тірі табуға үміт өте аз екенін мәлім етті.

Мерт болған кеншілердің жеке басын анықтау қиынға түсіп жатқаны айтылуда.

Президент Қ.Тоқаев 29 қазанды жалпыұлттық аза тұту күні етіп жариялайтын Өкімге қол қойды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы тапсырма берді. Кейін Үкіметтің баспасөз қызметі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның меншік құқығын ҚР меншігіне қайтару туралы келісімшарттың аяқталуға жақын екенін мәлім етті.

 

 

Қарағанды облысы Геннадий Силинский кеншілер Іздестіру

Тақырыпқа жаңалықтар