Қазақстан жаңалықтары30 мамыр 2024, 12:00

«Қазақстан аруы» сұлулық байқауында жасқа байланысты шектеу алынып тасталды

«Қазақстан аруы» ұлттық сұлулық байқауында жасқа байланысты шектеу алынып тасталды. Енді оған 18 жастан асқан барлық бойжеткен үміткер бола алады, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Биыл «Қазақстан аруы» ұлттық сұлулық байқауы халықаралық конкурстардың жаңашылдығын қолдап, қатысушыларға қойылған жасқа байланысты шектеулерді алып тастау арқылы тарихи қадам жасады. Енді байқауға кәмелеттік жасқа толған, қатысуға ниеті бар барлық ару бағын сынай алады. Жас шектеуге қатысты толық ақпаратты кастинг бөлімінен анықтауға болады», - дейді ұйымдастырушылар, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Қалған шарттар өзгеріссіз қалады: қатысушылардың бойы 165 см-ден кем емес, тұрмыс құрмаған және баласы болмауы керек, сондай-ақ Қазақстан азаматшасы болуы да міндетті. «Қазақстан аруы» ұлттық сұлулық байқауы бүгінде интеллект, мәдениет және басқа адамдарға көмектесу құндылықтарын насихаттайтын алаң. Байқау «Әлем аруы», «Ғалам Аруы» және «Жер аруы» халықаралық байқауларының бірегей лицензиаты.

Бұл «Қазақстан аруы» ұлттық сұлулық байқауының жеңімпаздары өз елін дүниежүзілік аренада танытуға, өз Отанының даңқын әлемге паш етуге бірегей мүмкіндік алады деген сөз. Дәл қазіргі уақытта «Қазақстан аруы» жаңа маусымына қатысу үшін кастинг жалғасып жатыр. Байқаудың биылғы басты тақырыбы - «The art of being a woman» («Әйел болу өнер»). Аталған тақырып нәзік жандылардың сұлулығы мен талантының жан-жақтылығын көрсетеді, қатысушыларды шығармашылық әлеуетін барынша арттыруға шақырады.

«Мысалы, 2022 жылғы жеңімпаз Томирис Какимова биыл наурыз айында Үндістанда өткен «Әлем аруы» халықаралық байқауында Қазақстанды лайықты түрде таныстырды. «Қазақстан аруы-2022» байқауының тағы бір жеңімпазы Дильназ Тилаева әлемдік «Жер аруы 2023» байқауының үздік 8 финалистінің қатарына еніп, Vice Miss атанды», - деп атап өтті ұйымдастырушылар.

2023 жылдың жеңімпаздары Сабина Ыдырысова, Мадина Әлмұханова және Аяулым Әлімхалиева биыл әлемдік байқауларға барады. Қазір жоғары дайындық үстінде.

«Қазақстан аруы» сұлулық байқауы жас шектеу

Тақырыпқа жаңалықтар