Қазақстан жаңалықтары28 мамыр 2024, 20:06

Судьяны тыңдамаған Бишімбаевтың адвокатына қатысты сот шешімі шықты

Экс-шенеунік Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық істі қарау барысында бірінші сатыдағы сот оның адвокаты Ерлан Ғазымжановқа жеке қаулы шығарды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы елорда сотының баспасөз қызметі таратты, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Еске сала кетсек, бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың сот отырысында оның адвокаты Ерлан Ғазымжанов судья тарапынан бірнеше рет ескерту алған еді.

«Адвокат Ерлан Ғазымжанов іс жүргізу кодексінің талаптарын біле отырып, судья айтқан талаптарға бағынбай, сот отырысы залында тәртіпті бұзды. Осылайша, адвокат судьяға құрметсіздік танытып, сотқа немқұрайлы қарады. Адвокаттың атынан түскен жеке шағымның дәлелдері расталмады, өйткені төрағалық етуші судья ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексі 57-бабының талаптарын сақтай отырып сот отырысын өткізді», - делінген хабарламада.

Осылайша, Астана қалалық соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28 мамырдағы қаулысымен адвокат Е.Ғазымжановқа қатысты бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды, яғни адвокаттың жеке шағымы қанағаттандырылмады.

Сондай-ақ, елорда соты аталған актінің заңды күшіне енгенін айтып отыр.

 

Бишімбаев Адвокат Ерлан Ғазымжанов Сот шешімі

Тақырыпқа жаңалықтар