Placeholder
Коллаж: Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Egemen.kz
Қазақстан жаңалықтары26 қыркүйек 2024, 12:23

Шыңғыз хан ата жұртына оралды...

Қазақ халқының тарихы түген­дел­меген, үзік-үзік, тіптен бір парасы өзгелер әңгімелеген шала-шарпы түсініктерден құрал­ған. Оның басты себебі, қазақ ­тарихы ниеттері бөтен, әркімнің қолында кетті. Күні кеше Кенесары хан туралы шындықты айтқан, ғылыми зерттеу жасаған тарихшы Ермұхан Бекмаханов жазаланды, сотталды. Алаш азаматтарының тарихи жазбалары шаң басып, архивте жатты. Хандар, сұлтандар, хазіреттер туралы жазылғандар жария болмады. Кеңес заманында «маман» деген тарихшыларымыз мардымсыз тақы­рып­тармен шұғылданып, тарих ғылым­дарының кандидаттары, докторлары атанды. Оған кінәлі тарихшылар емес, заманның ғылымға деген талабы солай болды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Egemen.kz жазады.

Тәуелсіздіктен кейін ғана тарихшылар шын тарихпен шұғылдануға ниеттене бастады, бірақ тарих қателіктерге толы еді. Қазақ тарихын бұрмалау, көпе-көрінеу теріс пайымдауларға салу коммунистердің арнайы бағытталған идеологиялық сандырақтары.

Қазақ тарихын Қазан төңкерісінен бастаңдар деген партия ұстанымы болған. Ар жағының қажеті жоқ. Жол түсіп Қазанда болдым, маған әріп­тестерім «Татар халқының және Татар­станның тарихы» деген кітапты сыйға тартты. Біз болсақ, бәрінің басын қосып, «Қазақ ССР тарихы» деген көп томдық шығардық, ол бекер іс болды. Татар ғалым­дары татар халқының тарихын бір бөлек, кейінгі Татарстан тарихын бір бөлек зерттеген.

Осындай жағдайда қайдағы төл тарих.

Біз қателесіп, қазақтың Қазан төңке­рісіне дейінгі тарихын феодализм тарихы деп түсіндік, тарихты солай зерттедік. Бұл басты қателік.

Феодализм еуропалық құбылыс, ол қазақ, түрік табиғатында болмаған ­феномен.

Одан бергідегі қателік тарихи тұлға­ларға қатысты. Сөздің тоқетерін айтсам, Шыңғыз ханға (кітапта осылай жазылған – Ғ.Е.), оның ұрпақтарына қатысты ­хикаялар.

Шыңғыз хан кім дегенге, кеңес тарихшылары жауап бере алмады.­ Жұрт­­­шылық Шыңғыз хан туралы В.Янның «Шыңғысхан» романы, Исай Калашниковтың «Сұм заман» рома­ны, одан кейін Ілияс Есенберлин шығар­ма­лары арқылы оқып білді. Мұның бә­рін­де Шыңғыз хан моңғол, оның түрік, қа­зақтарға қатысы жоқ тұлға. Алайда Шың­ғыз хан әскерлерінің 99 па­йызы керей­лер, наймандар, жал­айырлар, мұ­ғұл­дар, алшындар, үнгіттер, т.б. қазіргі қазақ этносын құрап отырған тайпалар.

Шыңғыз ханнан кеңес тарихшылары іргелерін қаншама аулақ салғандарымен, шындығы сол, ол қазақтың терең тари­хының басты кейіпкері.

Сол Шыңғыз хансыз, оның баласы Жошы хансыз біз қалайша тарихы­мыз туралы мағыналы ақпараттар бере алмақпыз.

Айтарым, Шыңғыз ханды қазақтың арғы тарихына қатысты тұлға ретінде зерттеу, тану – қажеттілік.

Шыңғыз ханды, оның үлкен ұлы Жошы­ны тану енді басталды деп ойлай­мын, бұл – маңызды тарихи-мәдени оқиға.

Түрік халықтары және Шыңғыз хан туралы ХІV ғасырда парсы тілінде орта­ғасыр ғалымы Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» атты еңбегі жазылды.

Аталған кітапты саясаттану ғылым­дарының докторы, жазушы Ержан Исақұлов Ираннан алып келіп, оны араб, парсы, шағатай тілдерінің маманы Зәріпбай Оразбай парсы тілінен тікелей қазақ тіліне аударды. Кітап 2018 жылы «Фолиант» баспасынан бес том болып жарық көрді.

Кітап әлі терең ғылыми талқыға түскен жоқ. Бұл еңбекті еңсеру осал шаруа емес, менің бес томмен бір қабат танысқаным қаншама уақыт алды деңіз.

Бес томды асықпай оқу керек. Оны деректі тарихи жанр деуге болады. Баяндау стилі тартымды, тек қана алдын-ала тарихи оқиғалармен және тарихи тұлғалармен қысқаша болса да таныстығыңыз болуы шарт. Баяндаулар арасында өлеңдерден үзінділер келтірілген, олар адам болмысы туралы ұлағатты сөздер, кісіні еріксіз ойлантатын оқиғалар, тұлға­лар, олардың арасындағы туыстық, аға­йындық, кісілікті мәселелермен қа­тар, адамшылыққа жатпайтын қылық-пиғылдарда баяндалып, тіптен сыни көзқарастар да айтылады.

Кітапты оқып отырып, адами жағ­дайларға қатысты оқиғаларға тап болып қана қоймай, олардың ішіне енгендей сезінесің, себебі шығарма біз сияқты өз заманында ғұмыр кешкен адамдар тарихына арналған.

Кітап бұдан 700 жыл ілгеріде жа­зылған, бұл қалай десеңіз де, аз уақыт емес. Айта кетейін, біз әлі күні кешегі тәуелсіздігіміздің тарихын жаза алмай келеміз, сірә тарихты тарихқа тым жақын тұрып жазу мүмкін емес.

Қазіргі заманның тарихын жазушылар әлі өмірге келген жоқ. Жағдайларды салыстырып көрсек, «Жамиғ ат-тауарих» ең­­бегін негізге алсақ, Шыңғыз хан 1227 жылы дүниеден қайтты. Жошы хан 1227 жы­лы әкесінен жеті ай бұрын дүниеден озды.

«Жамиғ ат-тауарих» авторы дүниеге 1247 жылы келіп, 1318 жылы қайтыс болған. Шыңғыз хан дүниеден өткен­нен кейін жиырма жылдан кейін туған. Шыңғыз хан туралы оқиғалар мен Рашид ад-диннің жазбаларының арасы шамамен 50-60 жыл.

Бұл уақытта Шыңғыз хан туралы көп мәселелер айтылып, уақыт өз сараптамасын жасап үлгерген.

«Жамиғ ат-тауарихтың» құндылығы осында.

Бұл кітап бізге дейін 700 жылдай өмір сүріп келді. «Жамиғ ат-тауарихпен» бәйгеге түскен еңбек жоқтың қасы. Керісінше, кейінгі жазба авторлары, міндетті түрде, осы кітапқа сүйенеді, сілтеме жасайды.

Кітап алғаш рет орысшаға ауда­рылған кездегі (1936-1960) орын алған бұрмалаушылықтар мен қателіктерді аудармашы Зәріпбай мырза нақты көрсетіп берді. «Жамиғ ат-тауарих» қазақ тіліне сапалы аударылған. Бұл түрік халықтарының, әсіресе Шыңғыз хан әулеті мен оның жеке өзі туралы таптырмайтын теңдесі жоқ шығарма.

«Жамиғ ат-тауарихтағы» деректерге сүйене отырып, өрбітіп айтатын әңгіме көп. Мен оларды өзгелердің еншісіне қалдыра отырып, оқырман назарын екі келелі мәселеге аудармақпын.

Біріншіден, Шыңғыз хан қазіргі Қазақстан аумағында, Бұқтырманың Ертіске құятын өңірінде дүниеге келіп, қазақ жерінде жерленген. Бұл жаңалық, біз Шыңғыз ханды өзге өңірден, әсіресе Моңғолиядан іздейтінбіз.

Екіншіден, «моңғол» деген жасанды лексика екеніне көзіміз жетті. «Жамиғ ат-тауарихта» Шыңғыз хан түріктің мұғұл тармағынан шыққаны туралы әлденеше рет мағлұмат берген. Және де оған қоса айтарым, Шәкәрім қажы «Қазақтардың түп атасы» деген шежіресінде мұғұл тайпасы бастау алатын Мұғұл деген адам Оғыз ханның немересі дейді.

Есен бұға билік еткен өлкенің аты әдебиеттерде Моголистан деп қате жазылып келді. Шындығында ол Мұ­ғұлс­тан билеушісі еді.

Қорыта айтқанда, Шыңғыз хан ата жұртына оралды.

 

Шыңғыз хан ата жұрт Зерттеу Ермұхан Бекмаханов

Тақырыпқа жаңалықтар