Қазақстан жаңалықтары6 шілде 2024, 14:34

Түркі мемлекеттері ұйымы сыртқы саяси ведомство жетекшілері бас қосты

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) бейресми саммиті қарсаңында өткен ТМҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты. Іс-шараға қатысушылар ұйымның қызметін жетілдіру және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Көлік, логистика, коммуникация және климаттық өзгерістерге қарсы күрес сияқты салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңызы аталып өтті, - деп хабарлайды Arbat.media.

ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы М.Нұртілеу өз сөзінде Қазақстанның «TURKTIME!» ұранымен өтіп жатқан 2023-2024 жылдардағы ТМҰ-дағы төрағалығы туралы айтып берді.

Ол сондай-ақ біздің еліміздің ұйымды одан әрі дамыту және оның әлемдік аренадағы беделін нығайту жөніндегі көзқарасын белгіледі.

Отырыс қорытындысы бойынша Мажарстандағы ТМҰ Өкілдік кеңсесінің атқарушы директорын тағайындау жөнінде шешім қабылданды, сондай-ақ ТМҰ мемлекет басшылары кеңесінің алдағы отырысы барысында қол қойылатын құжаттар бекітілді.

Түркі мемлекеттерінің ұйымы Қазақстанның бастамасымен 2009 жылы Нахчыван қаласында (Әзербайжан) құрылды.

ТМҰ хатшылығы Ыстанбұл қаласында (Түркия) орналасқан.

Қазіргі уақытта ұйымға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кіреді.

Мажарстан мен Түрікменстанның бақылаушы мәртебесі бар.

Түркі мемлекеттері сыртқы саяси ведомство бас қосу

Тақырыпқа жаңалықтар