Қазақстан жаңалықтары9 шілде 2024, 13:41

Тұрсынбек, Қайрат Нұртас, Әбдіжаппар... Келесі кім

Соңғы күндері елімізге танымал мәдениет саласының өкілдері мәдениетсіздік танытып, қамауға алынғаны қоғамды елең еткізгені рас. Әдетте тойда жүретін әншілердің темір тордың ар жағынан табылуы әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп жатыр. «Тұрсынбек, Тұрсынбек, жүректер дүрсілдеп» деп сахнаға шығатын Тұрсынбек Қабатов тұрақты көрермендерінің жүрегін қатты дүрсілдетіп қойды. Танымал әзілкештің концертін үзбей көретіндер «Не боп қалды екен?» деп алаңдап қалды. Сөйтсек, қазақстандық шоумен 2 маусымда таңертең мас күйінде Алматы — Астана рейсінде балағат сөз айтыпты, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

Сотта Қабатов бортсеріктердің жұмысына көңілі толмағанын, сол себепті ашуға булыққанын жасырмады. Бірақ ол ұшақта балағат сөз айтқан-айтпағанын нақты білмейді, дей тұрғанмен қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін кешірім сұраған. Ал, сотта куәгерлер Қабатовтың рейсте мас болғанын және балағат сөз айтқанын растады. Осылайша Қабатов бес күнге қамауға алынған болатын.

Жазасын өтеп шыққаннан кейін Тұрсынбек Қабатов бірден Астана төрінде үлкен концерт берді. Қамауға алынғанын әзілдерге қосып, жиналғандарды күлкіге қарқ қылды. Концертте әнші Қайрат Нұртастың қамауға алынғанын да атап өтті. Сонымен, Қайрат Нұртас не бүлдірді екен?

4 шілдеде сағат 20:00 шамасында Алматы–Астана бағытындағы ұшақ бортында Қайрат Нұртас пен Асылбек Бекқайыров арасында ауызша жанжал туындап, арты төбелеске ұласқан.

Бұл оқиғаға қатысты 5 шілдеде онлайн форматта сот отырысы өтті. Танымал әнші екі бап бойынша айыпталды:

— ҚР Әкімшілік кодексінің 73 бабының 1 тарау 1 бөлігі бойынша, қасақана жеңіл дене жарақатын келтіргені үшін;

— ҚР Әкімшілік кодексінің 434 бап 2 бөлігі бойынша, ұшақ бортында ұсақ бұзақылық жасағаны үшін.

Қозғалған бірінші хаттама бойынша екі тарап бітімгершілікке келген. Ал, тағылған екінші айып бойынша Қайрат Нұртас сот шешімімен 15 тәулікке қамауға алынды. Әншінің айыппұл салумен шектелу туралы өтініші қанағаттандырылмады. Себебі, сот құқық бұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде Қайрат Нұртастың бұзақылық әрекеті қайтадан қайталанып отыр. Осылайша, «Мен оралам» деп ән салатын Қайрат Нұртас 15 күннен кейін жақындарына оралатын болды.

Бұдан кейін тағы бір эстрада жұлдызы Әбдіжаппар Әлқожаның 10 тәулікке қамауға алынғаны белгілі болды. Бұл туралы Алматы облыстық сотының телеграм-арнасында ақпарат жарияланды.

«6 шілде күні Қонаев қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотында А.Б.-ға қатысты көлік құралын басқару құқығынан айырылған жүргізушінің көлік құралын басқаруы дерегі бойынша әкімшілік іс қаралды. Іс жағдайларынан белгілі болғандай, 2024 жылғы 5 шілдеде сағат 23:50 шамасында А.Б., көлік құралын басқару құқығынан айырылған бола тұра, Қонаев қаласы, Рауан ықшам ауданы, Речниковая көшесінде орналасқан демалыс аймағының жанында „Toyota Camry“ маркалы автокөлігін басқарған, — деп жазылған сот таратқан мәлімете.

Аталған ӘҚБтК-нің 612-бабы 3-бөлігіне сәйкес, бұл құқық бұзушылық үшін жаза ретінде 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе он тәулікке әкімшілік қамауға алу қарастырылған.

«Сот қаулысымен әнші ӘҚБтК-нің 612-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды», — деп жазылған Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Әрине, аз уақыттың ішінде 3 бірдей танымал өнер иесінің қамауға алынғаны жұрт назарын аударғаны рас. Әлеуметтік желі қолданушылары «Темір тордың ар жағында бір дөкейдің туған күні болып жатыр ма?» деп әзілдеп жатыр. Енді бірі бұл оқиғалардың саяси астары бар екенін айтып, «жұрт назарын аудартуға арнайы жасалған қадам» деп бағалауда.

Бұл оқиғаларға қатысты ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желіде арнайы жазба қалдырды.

«Құрметті достар! Қоғамды қарыштап өсіретін де, тұқыртып өшіретін де — мәдениет. Мәдениет тек өнер мен білім, озат талғам мен тазалык емес. Бұл, ең алдымен, адамның ішкі руханияты, халықтың өркениеттік болмысы. Ендеше, сол мәдениеттің туын көтеріп, өнердің тасын өрге домалатып жүрген әрбір майталман — елге үлгі, қоғамға бағдар болуы шарт. Өкінішке қарай, кейінгі кезде мәдениет саласындағы белгілі азаматтарға қатысты жағымсыз оқиғалар, кейде тіпті заңсыз әрекеттер жиілеп кетті. Әрине, жеке-дара адам ретінде, қарапайым азамат ретінде кімге болса да пендешілік тән қасиет. Адам болған соң қателесуің мүмкін, бірақ оның арты заңды аттауға бармауы тиіс. Өзін нағыз „мәдениет қайраткерімін“ дейтін жан үшін танымалдық заңсыздыққа жол беретін құдырет емес. Олар қашанда ұлт мәдениеті дамуының қозғаушы күші саналады. Сондықтан олардың көпке ықпалы тек өнеге, насихат, жақсылыққа арқау болуы керек, деп жазды Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында.

Тұрсынбек, Қайрат Нұртас, Әбдіжаппар ҚР Әкімшілік кодексі әртістер Қамау

Тақырыпқа жаңалықтар