Ірі экспорттаушылардың қызметін қадағалау күшейтіледі
Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтің айтуынша, 2008 жылдан бастап бұл заңнамаға концептуалды өзгерістер енгізілмеген еді, яғни 15 жылдай елеулі өзгеріс болмады. 2017 жылы редакциялық түрде біршама түзету болған.
«Заңнама Қазақстаннан шыққан бастапқы экспорттық тауарлардың қаншалықты нарықтық бағамен шығып жатқанын қадағалауға бағытталған. Яғни осы тұрғыда бұл экспорттан салықтың толыққанды түсуі мәселесін реттейді. Сондықтан бүгінгі таныстырылған заң жобасы аясында концептуалды өзгерістер енгізіліп жатыр», - деді вице-министр.
«Осыған дейін мұнай, металл және басқа да тауарларды шығаратын компаниялар түрлі схемаларды қолданып келген еді. Оларды тексеру кезінде анықталған деректерді ескере отырып, тиісті өзгерістерді енгізіп жатырмыз. Бұл заң жобасының нормалары қарапайым адамдарға, шағын және орта бизнеске ешқандай әсер етпейді. Өзгерістер экспортқа бағдарланған алпауыт мекемелерге арналған. Солардың экспортқа шығарған тауарлары бойынша нақты салықты өндіріп алуға бағытталған», - деді Е. Біржанов.