213 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды
Алматы облысында 213 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы «Жер аманаты» республикалық комиссиясының көшпелі отырысында айтылды.
«Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Дәулет Кәрібек, комиссия төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек, АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Масақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Кездесуде Дәулет Кәрібек облыс бойынша мемлекет меншігіне қайтарылған жайылымдық жерлер ауылдық округтерге берілгенін атап өтті.
Айтуынша, араға 5 ай салып, халықтың мал жаю мұқтажын қанағаттандыру мақсатында жайлаудың біршама бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылған.
Алдын ала жүргізілген сараптама қорытындысы бойынша Еңбекшіқазақ ауданының өзінде нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылмайтын 121,2 мың гектар ауыл шаруашылығы жері анықталып, биыл осы жер көлемінің 43,4 мың гектардан астамы мемлекет меншігіне қайтарылған.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жайылым мәселесі Қазақстанның түкпір-түкпірінде өте өзекті болып тұрғанын айтты.
«10 млн гектарға жуық жер қайтарылды. Біз заңға «қоғамдық жайылым» деген ұғымды енгізіп отырмыз. «Қоғамдық жайылым» деген ұғыммен қоса, енді жемқорлыққа белшесінен батқан әкімдер қоғамдық жайылымды жерлерді ешкімге беруге құқығы жоқ. Себебі ол базаға қоғамдық жайылымдық жерлер ретінде енгізілетін болады. Сонымен қатар, нақты бір елді мекенде соңғы 5 жыл тұрған азамат енді жер алу кезінде қосымша ұпайға ие болады. Жайылымды жерлерді егістік жерлерге айналдыруға болмайды. Сондай-ақ енді әкімдер жайылымды жерлерді резервке қоюға міндеттеледі», – дейді депутат.