Қырғызстан мен Еуроодақ гидроэнергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті
Қырғызстан мен Еуроодақ гидроэнергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Республиканың Сыртқы істер министрі елге ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін Еуроодақ инвестициялары қажет екенін атап өтті. Бішкекте Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев пен Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі, Еурокомиссия вице-президенті Жозеп Боррельдің кездесуі болып, онда гидроэнергетика және көлік саласындағы ынтымақтастық мәселелер талқыланды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Тараптар Еуропалық Одақ пен Қырғызстан арасындағы саясат, экономика және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударды.
Сондай-ақ Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы байланысты тереңдету бойынша жол картасы ережелерін жүзеге асыру барысы талқыланды.
Күн тәртібінде өңірлік қауіпсіздік, климаттың өзгеруі және республиканың гүлденуіне бағытталған жобаларды қолдау мәселелері де қарастырылды.
Жээнбек Кулубаев көлік, гидроэнергетика және маңызды пайдалы қазбаларды өндіру салаларындағы негізгі жобаларды сәтті жүзеге асыру үшін еуропалық технологиялар мен инвестициялардың аса маңызды екенін атап өтті.
Өз кезегінде Жозеп Боррелл Еуропаның Қырғызстанмен экономика, сауда, тұрақты даму және адам құқықтары саласындағы ынтымақтастыққа мүдделі екенін білдірді.