Ресейде пышақ ұстаған жасөспірім оқушыларға шабуыл жасады
Әлеуметтік желіде Мәскеу түбіндегі мектептердің бірінің аумағында оқушыларға шабуыл жасалғаны туралы ақпарат тарады. Күдікті жасөспірім болып шықты, деп хабарлайды Arbat.Media.
РЕН ТВ арнасы тілшілерінің хабарлауынша, оқиға Одинцовоға қарасты Горки-2 ауылындағы Успен мектебінде болған. Оқиға орнында жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр. Ғимараттың жанында бірнеше жедел жәрдем көлігі тұр.
Куәгердің сөзіне сүйенген РИА Новости тілшілерінің хабарлауынша, мектептегі барлық оқушы эвакуацияланған. Алдын ала мәліметтер бойынша, жасөспірім күзетші мен оқушыға пышақ салған. Бала көз жұмған.
SHOT-тың жазуынша, шабуыл жасаған жасөспірім оқушылардың бірімен кабинетте қалып, есікті жауып алған. Кепілге алынған бала зардап шекпеген. Оқиға салдарынан бір бала қаза тауып, үшеуі жарақат алған.
Кейінгі мәліметтерге сәйкес, арнайы жасақ шабуыл жасаған жасөспірімді қолға түсірген. Алдын ала мәліметтер бойынша, ол сол мектептің тоғызыншы сынып оқушысы. Әлеуметтік желіде оны полиция көлігіне отырғызып, әкетіп бара жатқан видео тарады.