Аяқ-қолы байланған 5 мәйіт жантүршігерлік жағдайда табылды
Испанияның құқық қорғау органдары Балеар аралдарында – Ибица мен Форментера курорттарының маңында – соңғы бір ай ішінде теңізден табылған кемінде бес адамның денесіне қатысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Arbat.Media.
Бұл оқиғалар туралы Daily Mail басылымы хабарлады.
Анықталғандай, табылған денелердің кейбірінде қол-аяқтың байланып тасталғаны байқалған, бұл – өлімнің зорлық-зомбылық белгілерімен болғанын көрсетеді.
18 мамырда Форментера аралы маңындағы теңізде алғашқы мәйіт табылды. Қайтыс болған адам құтқару желетінде болған және оны Бельгиядан келген жеке катер экипажы байқап қалған. Оқиға орнына дереу Испанияның Азаматтық гвардиясының патрульдік қайығы жетіп, мәйітті судан алып шыққан. Қайтыс болған адамның қолы мен аяғы байланғаны анықталды.
Келесі апталарда ұқсас жағдайлар тіркелді. Барлық мәйіттер Балеар теңізінен табылған және әрқайсысы бойынша жеке қылмыстық іс қозғалды. Сарапшылар ДНҚ үлгілері мен саусақ іздерін жинап, жеке тұлғаларды анықтау жұмыстарын жүргізуде.
Тергеудің бастапқы нұсқасына сәйкес, көз жұмғандар – Алжирден Испанияға жетпек болған мигранттар болуы мүмкін. Тергеушілердің пайымынша, қайықта жолаушылар мен контрабандашылар арасында қақтығыс туындап, нәтижесінде кейбір адамдар қол-аяғы байланып, теңізге тасталған.