Алматыдағы РФММ асханасынан ішек таяқшасы, ал қызметкерлерден стафилококк табылды
Алматыда Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) оқушылары жаппай уланып қалған жағдайға қатысты тергеу жалғасып жатыр. Оқиға 13 қазанда болған, деп хабарлайды Arbat.Media.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, зертханалық тексеру кезінде кейбір дайын тағамдардан микробтық ластану белгілері анықталған. Сондай-ақ тағам үлгілері мен ыдыстардан ішек таяқшасы табылған. Бұдан бөлек, залалсыздандыруға арналған ерітіндінің құрамы белгіленген талаптарға сәйкес келмеген.
Асхана қызметкерлерінің 38-і тексерілген. Олардың төртеуінен алтын түсті стафилококк тасымалдаушылығы анықталды. Осыған байланысты олар уақытша жұмыстан шеттетілген.
Тексеру барысында асханада басқа да заңбұзушылықтар тіркелген. Атап айтқанда, азық-түлік пен тәуліктік тағам сынамалары дұрыс сақталмаған, бекітілген мәзір сақталмаған. Сонымен қатар кейбір құжаттар мен ас үй құралдарының таңбалауы болмаған.
РФММ әкімшілігіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Ал оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастырған «MasterFood» компаниясына қатысты материалдар полицияға жолданған.
Сондай-ақ ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.