Әлем6 мамыр 2024, 9:00

Баян-Өлгий аймағында «Құсбегілер сарайы» салынады

Баян-Өлгий аймақтық құсбегілік одағының бастамасымен осы аймақта «Құсбегілер сарайы» салынады. Одақтың атқарушы директоры жоба негізінен қашан жүзеге асатынын айтып берді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Моңғолияның «Жаңа дәуір» басылымы «Қазақ құсбегілік одағының» атқарушы директоры Бекболат Бұғыбайұлымен өткізілген сұхбатын жариялады, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Бекболат Бұғыбайұлының айтуынша, Баян-Өлгий аймағында бүркітшілердің екі одағы бар. Соның бірі – «Қазақ құсбегілік одағы» өз іс-қызметін жүргізгелі биыл 3 жылдың жүзі болған. Одақтың төрағасы көп жылдар бойы табиғат, туризм саласын басқарған Атай Аятханұлы. Ал, Бекболат Бұғыбайұлы атқарушы директор қызметінде. Осы уақыт аралығында құсбегілер сайысын ұйымдастыру, құсбегілер туралы кітап шығару, материал жинақтау қатарлы шаруалар жүргізілді. Өткен жылы бүркітшілер тойын Сары көлде ұйымдастырған. Бұған дейін 24 рет бүркітшілер тойы өткен екен. Соның арқасында әлемнің түкпір-түкпіріндегі көптеген саяхатшыларға танылған. Бүркіт және бүркітшілер ұлттық бренд дәрежесіне көтеріліпті.

Алайда олардың бір кемшілігі – тек бүркітшілер тойы кезінде ғана бүркітшілерді еске алады. Сондықтан да осы кісілердің басын қосқан бір ұйым болсын. Ол ұйымның өз сарайы, бүркітшілер туралы мағлұматты бір орталықтан алсын дегенді мақсат тұтқан. Сарайдың көлемі – 120 шаршы метр. Киіз үй тәріздес. Шетелдік қонақтар мағлұмат алса, алыс жолдан келген бүркітшілеріміздің бас сұғатын ордасы деп түсінсе болады.

Аталған орталықта бүркітті отырғызатын жеке үйшік тәріздес кабинка, ат байлайтын жеке қора, сарайдың сыртында қашасы, дәретхана және тағы басқалай дүниелер де ойластырылған. Олар осы ойларын іске асыру үшін қаржы енгізетін шетелдік компанияларға, қорларға жобасын таныстыру нәтижесінде «Cultural Sanctuaries Foundation» атты ұйым қаржы енгізіп, бүркітшілер сарайының сурет жобасы жасалып бектілген.

Қазіргі таңда бір компаниямен шарт жасау арқылы құрылыс жұмысы басталмақ көрінеді. Ендігі жоспар бойынша, келесі бүркітшілер тойына дейін аяқталады деп күтілуде.

Cultural Sanctuaries Foundation ұйымы мәдени мұраны қорғау, сақтау, болашаққа жеткізу мақсатында жұмыс істеп отырған бейресми ұйым. Орталығы – Америка Құрама Штатында. Ал енді мақсаты – қазіргі таңда көптеген ұлттық брендіміз арқылы, сервис даяшылықтарын жақсарту арқылы елімізге, аймағымызға көптеген турист тарту.

Баян-Өлгий Құсбегілер сарайы

Тақырыпқа жаңалықтар