Гамбургте 80 мыңға жуық адам демонстрацияға жиналды
Гамбургте 80 мыңға жуық адам оңшыл күштерге қарсы демонстрацияға жиналды, - деп хабарлайды Arbat.media.
BILD хабарлауынша, Гамбургте бір күн бұрын өткен шеруде нөпір арасында сығылысып қалған бірнеше адам есінен танып қалған. Мәселе мынада, митингіге күтілген 10 мыңның орнына, оны ұйымдастырушылардың айтуынша, 80 мың адам келген.
Көптеген атақты адамдар, оның ішінде музыкант Удо Линденберг, актер Маттиас Брандт және әнші Вольфганг Нидекен радикалды оңшылдарға қарсы демонстрацияға қатысуға шақырды. Сонымен қатар, науқанға Бундеслиганың кейбір клубы да қосылды. Акция басталғанға дейін 30 мың адам жиналды, бұл жоспарланғаннан үш есе көп. Нәтижесінде, полицияның мәліметінше, алаңда митингке 50 мың, ұйымдастырушылардың айтуынша, барлығы 80 мың адам болған.
Гамбургтегі әсіре оңшыл күштерге қарсы наразылық Потсдамда «Германияға балама» партиясы өкілдері мен оңшыл радикалдар арасындағы жасырын кездесуден кейін өтті. Онда, Сorrektiv басылымының хабарлауынша, Германиядан барлық шетелдіктерді жаппай депортациялауға шақырулар да болған.
«Біз бірліктеміз, біз еліміздің және біздің демократиямыздың 1945 жылдан бері екінші рет жойылуына жол бермеуге бел байладық. Олар депортацияны қалайды. Олар өшпенділік заманына кері бұрғысы келеді», - деді Гамбург мэрі Петер Ченчер.
Демалыс күндері бүкіл Германияда оңшыл радикалдарға қарсы басқа да наразылықтар өтеді.
Берлинде наразылық білдірушілер жексенбі, 21 қаңтарда Рейхстаг ғимаратына жиналады.