Әлем•Бүгін, 18:15

Өзбекстандық ғалым Икболжон Қорабоев Қазақстанда 10 жылға бас бостандығынан айрылды

Бұл туралы 19 қарашада оның туыстары «Азаттық Азияға» хабарлаған. Туыстарының мәліметінше, 46 жастағы профессор тыңшылық жасады деп айыпталған, деп хабарлайды Arbat.Media.

Сот отырысы іс материалдарында құпия ақпарат болғандықтан, жабық режимде өткен. Отбасы сот үкімі туралы ақпаратты соттан немесе ресми органдардан емес, өздерінің жеке дереккөздері арқылы білген.

Икболжон Қорабоев 2026 жылғы 3 шілдеде Астанада ұсталған. Ол Мақсұт Нәрікбаев атындағы университетте халықаралық қатынастар пәнінен сабақ берді. Профессорға Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабы, яғни «Тыңшылық» бойынша айып тағылған. Бұл бапта 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қазақстан мен Өзбекстанның ресми органдары әзірге сот үкіміне қатысты ақпаратқа түсініктеме берген жоқ. Сондай-ақ Қазақстан билігі тергеу барысында ғалымның қандай нақты әрекеттері тыңшылық ретінде бағаланғанын жарияламаған.

Бұған дейін профессордың туыстары оны ұстағаннан кейін отбасына онымен байланысу қиын болғанын айтқан. Үш баласына әкесімен бейнебайланыс арқылы қысқа уақыт қана сөйлесуге рұқсат берілген.

Қорабоевтың әріптестері оның ғылыми қызметіне де назар аударды. Профессор Орталық Азиядағы аймақтық интеграция, геоэкономика және стратегиялық маңызы бар минералдық ресурстарды зерттеген. Әріптестерінің айтуынша, ол ғылыми еңбектерінде ашық дереккөздердегі ақпаратты пайдаланған.

Ғалымның жақындары тергеу және сот материалдарымен әлі күнге дейін таныса алмағанын, сот үкімінің көшірмесін де алмағанын мәлімдеді. Олардың сөзінше, сұратылған барлық мәлімет «Аса құпия» деген белгімен жабылған.

Өзбекстандық ғалым профессор сот отырысы Тергеу

Тақырыпқа жаңалықтар