Германиядағы банктен ондаған миллион еуро ұрланды
Германияның батысындағы Гельзенкирхен қаласында ел тарихындағы ең ірі банк тонауларының бірі тіркелді. Қаскөйлер Sparkasse банкінің сақтық қоймасындағы мыңдаған сейф ұяшықтарын бұзып, ішіндегі қомақты қаражатты алып кетті, деп хабарлайды Arbat.Media.
Қылмыскерлер бетон қабырғаны тесіп, банк қоймасы мен автотұрақ арасынан өткел жасаған. Олар 3 200-ге жуық сейфті ашып үлгерген. Алдын ала мәлімет бойынша, келтірілген шығын мөлшері 10 млн-нан 90 млн еуроға дейін жетуі мүмкін.
28 желтоқсан күні кешке куәгерлер автотұрақ сатысынан ірі сөмкелер көтерген ер адамдарды байқаған. Ал келесі күні таңертең бақылау камералары қара түсті Audi RS6 көлігін тіркеген. Автокөліктегілер бетперде киген, ал нөмірі ұрланған болып шықты.
Полиция бұл қылмыс кәсіби түрде ұйымдастырылғанын мәлімдеді. Сейфтерден қолма-қол ақша, алтын және бағалы әшекейлер ұрланған.
Әр сейф максимум 10 300 еуроға дейін сақтандырылған.
Жалпы 2 700 адам зардап шеккен.