Илон Маск америкалық сайлаушыларға ақша таратты
5 қарашада өтетін президенттік сайлауда Дональд Трампты белсенді түрде қолдап жүрген миллиардер Илон Маск «құбылмалы» штаттарда тіркелген сайлаушыларға сөз бостандығын қолдайтын петицияға қол қойғаны үшін ақша төлегенді жөн көрді. Бұл бастама заңгерлер арасында сұрақтар тудырды, бірақ олар бұл заңды әлде заңсыз ба, Маск заңдарда айла пайдаланып жатыр ма деген сұрақтарға бір жауап тапқан жоқ,- деп хабарлайды Arbat.media.
Кейбір сарапшылардың шамалауынша, мұндай әрекеттер сайлаушы ретінде тіркелу үшін ақша ұсынуға тыйым салатын АҚШ заңдарына қайшы болуы мүмкін, деп жазды ВВС.
АҚШ-та сайлауда дауыс беру үшін алдын ала тіркелу керек. Екі кандидат Камала Харрис пен Дональд Трамптың лагерлері өз жақтастарын тіркеліп, дауыс беруге қатысуға шақырады.
«Менің ойымша, Масктың бұл әрекеті заңсыз болуы мүмкін», - деді Джордж Вашингтон университетінің құқықтану профессоры Пол Шифф Берман.
Ол АҚШ-тың Сайлау кодексіне сәйкес, «сайлауда тіркелу немесе дауыс беру үшін ақы төлеген не төлеуді ұсынатын, немесе ақы алатын» адамға 10 мың долларға дейін айыппұл салынатынын немесе ол бес жылға бас бостандығынан айырылатынын еске салды.
«Оның ұсынысы тек тіркелген сайлаушылар үшін жарамды, сондықтан бұл ережеге қайшы келеді деп ойлаймын», - деді профессор Берман.
АҚШ Әділет министрлігі Масктың бұл бастамасына түсінік беруден бас тартты.
Федералдық сайлау комиссиясы (ФСК) бұл сауалға қатысты әлі жауап берген жоқ.