Мәскеуде Ресей азаматтығын алған мигранттарға сотқа шақыру қағазы табыс етілді
Әскери тергеушілер полициямен бірлесіп, заңсыз көші-қонға қарсы, сондай-ақ бұрынғы мигранттардың заңды сақтауын тексеру мақсатында рейд жүргізді, деп жазады ресейлік «Коммерсанть» басылымы. Нәтижесінде жақында ғана Ресей азаматтығын алған бірнеше ондаған адамға әскери тіркеуге тұруды талап етіп, шақыру қағазы жіберілді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Анықталғандай, рейд Щелковская метро станциясының жанындағы автовокзалда, көкөніс қоймасында және Мәскеудің Шығыс әкімшілік округіндегі жатақханаларда өтіп жатыр.
Бұған дейін, шілде айының соңында Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасы Ресей азаматтығын алған ерлердің әскерде қызмет ету мерзімін екі жылға дейін ұзартатын, сондай-ақ олардың әскерге шақырылу жасын ұлғайтатын түзетулер қабылдауды жоспарлап отырғаны хабарланған болатын.