«Шокермен ұрып, аяғын көтеріп ұстап тұрған»: ҚазҰУ-да көз жұмған студенттің туыстары әділдік іздейді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші курс студенті Дауыл Бәкіртай 16 қарашаға қараған түні көз жұмды. Қайғылы оқиғадан кейін марқұмның туыстарына бастапқыда мүлде басқа ақпарат берілген. Олар студенттің өліміне дейін бірінші курс студенттерінің соққыға жығылғанын кейін ғана естіген,деп хабарлайды Arbat.Media.

Марқұмның туыстары қайғылы хабарды түнгі сағат төрт шамасында алған. Содан кейін оқиғаның мән-жайын анықтауға тырысқанымен, бастапқыда жатақханада ешқандай жанжал не төбелес болмағаны айтылған.

Дауылдың ата-анасы Шымкенттен Алматыға таңғы сағат 10 шамасында ұшып келіп, бірден аудандық полиция бөліміне барған. Туыстарының айтуынша, оқиғаның шын мән-жайын сол жерде естіген.

«Екінші курстың сегіз студенті бірінші курстың екі студентін бөлмелеріне шақырып алып, ұрған. Менің бөлемді шокермен құлатып, кейін соққыға жыққан. Содан соң қасындағы баланы бір сағат бойы басын салбыратып, Дауылды аяғынан көтеріп ұстап тұруға мәжбүрлеген. Ақырында Дауыл қайтыс болып кеткен, бірақ балалар мұны білмеген. Бұл туралы жәбірленген екінші студент тергеу кезінде айтып берген. Біз бұл ақпаратты аудандық полиция бөлімінде естідік», - дейді Ұлдана Егізбай.

университет студенттер Қайғылы оқиға соққы

Тақырыпқа жаңалықтар