“Соңғы сапар”: Ұшақ апатынан Лондонға көшіп кетіп жатқан бүтін бір отбасы ажал құшты
Ерлі-зайыпты дәрігерлер Пратик Джоши мен Коми Вьяс және олардың үш баласы шетелде жаңа өмір бастау үшін Лондонға бағыт алған еді. Алайда бір отбасы мінген ұшақ Ахмадабадтан ұшқаннан кейін небәрі 32 секундтан соң апатқа ұшырады. Отбасының ұшақта түскен соңғы суреті желіде тарап кетті, деп хабарлайды Arbat.Media Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Дәрігер Пратик Джоши Лондонда алты жыл тұрып, онда мансабын қалыптастырып, отбасы үшін жарқын болашаққа жағдай жасаған. Ал оның жұбайы, дәрігер Коми Вьяс — Удайпур қаласындағы беделді Pacific ауруханасында қызмет еткен құрметті дәрігер. Коми Вьяс сапарға шығардан екі күн бұрын ғана жұмысынан шығып, күйеуінің жанына, Лондонға көшіп, жаңа өмір бастамақ еді. Олардың балалары — бес жастағы егіз ұлдары Накул мен Прадют және сегіз жастағы қызы Мирайя да сапар алдында алаңсыз еді. Алайда жантүршігерлік ұщақ апаты бір отбасы мүшелерінің өмірін қиды.
Марқұм дәрігерлердің көршілері мен достары ерлі-зайыптыны кәсібилігі үшін ғана емес, сондай-ақ олардың мейірімділігі мен заманауи көзқарастары үшін де ерекше құрметтеген. Отбасыға жақын досы "Бүкіл қала қайғы жұтып отыр. Жүректері жылы, арманшыл жұп балаларына ең жақсыны беруге тырысатын” деді News18 басылымына берген сұхбатында.
Апатқа ұшынраған Dreamliner ұшағында түсірілген фотодан өздерін не күтіп тұрғанынан бейхабар ерлі-зайыпты мен балалардың күлімдеп отырғанын көруге болады.
Авиация сарапшыларының айтуынша, Air India әуе компаниясының AI-171 рейсі әуеге көтерілген соң бар болғаны 32 секунд ұшып үлгеріп, содан кейін бақылаудан шығып, төмендей бастаған. Сағат 13:38-де Ахмадабадтағы Мегани Нагар маңында құлап, апат болды. Куәгерлердің айтуынша, ұшақ әуеге әрең көтерілгенін байқаған. Алғашқы мәліметтерге сенсек, қозғалтқыштар қажет тартылыс күшін ала алмаған.
Бұл ұшақта 230 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі болған.
Билік апаттың себептерін зерттеуді жалғастырып жатыр. Алайда ұшақтағы соңғы селфи бүтін халықтың орны толмас қасіретінің символына айналды.