Ұлыбритания темекі сатып алуға біртіндеп тыйым салады
Британ үкіметі шылымқорлықпен білек сыбана күреспек, - деп хабарлайды Arbat.media.
Қазір елде темекі тек 18 жастан асқандарға ғана сатылады. Болашақта бұл жас жыл сайын жоғарылай бермек. Нәтижесінде біршама уақыт өткен соң шылым атаулы ешкімге сатылмайды.
Ұлыбритания үкіметінің мәліметі бойынша, 5 шылымқордың 4-еуі бірінші рет 20 жасында темекі шеге бастайды екен. Олардың никотинге тәуелділігі өмірінің соңына дейін жалғасады.
Шылымқорлықтың салдарынан Тұманды Альбионда жыл сайын шамамен 64 мың адам қайтыс болады.
Темекі шегемін деп ауру тілеп алатын 75 мыңдай азамат ай сайын дәрігерге қаралады.
Зиян әдеттің ел экономикасына тигізер зардабы да орасан: жұмыссыздық, мерзімінен бұрын қайтыс болу және Ұлттық денсаулық сақтау қызметіне салмақ түсірудің нәтижесінде жыл сайын 17 млрд стерлинг фунт көлемінде шығын келеді.
«Мен болашақта темекі шегу жасын жыл сайын бір жылға көтеруді ұсынамын. Бұл бүгінгі он төрт жасар жасөспірімге болашақта ешқашан заңды түрде темекі сатылмайды деген сөз. Олар және олардың ұрпақтары темекі шекпей өседі», — дейді Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак.
Үкімет жаңа заң жобасының шылым шегушілерді қылмыскерлермен теңестірмейтінін атап өтті. Қазір темекі сатып алып жүрген кез-келген адамның болашақта да құқығы шектелмейді деді биліктегілер.