Placeholder
Фото: twitter.com/unitetheunion
unitetheunion
Әлем29 қыркүйек 2024, 10:00

Ұлыбритания үкіметі зейнеткерлерді әлеуметтік көмектен айырды

Ұлыбритания үкіметі зейнеткерлерді әлеуметтік көмектен айырды. Қыс мезгілінде жылуға деп беріліп келген жәрдемақы енді төленбейді, Қаржылай қолдау тек өте кедей егде жастағыларға көрсетіледі. Өйткені қазынада ақша жоқ. Бюджет шығыстары 22 миллиард фунт стерлингке артық жұмсалған. Бұл бұрынғы биліктің қаржыны жөнді жоспарлай алмауынан, дейді жаңа үкімет мүшелері, - деп хабарлайды Arbat.media.

Сайлауда Консерваторларға емес, Лейбористерге дауыс бергені үшін егде жастағы миллиондаған зейнеткер өкініп отыр, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Олар күн салқындағанда жылуға төленіп келген жәрдемақының тоқтатылатынын естіп ашулы. Сарапшылардың болжауынша, жыл соңына дейін электр энергиясының құны шамамен 150 фунтқа, яғни 100 мың теңгеге қымбаттамақ. Бұған налыған зейнеткерлер қыстан аман шықпауымыз мүмкін зәрезап болып отыр.

«Онсыз да күнін көре алмай отырған зейнеткерлерді жәрдемақыдан айыру үлкен саяси қателік», - дейді зейнеткерлердің бірі.

«Қартайғанда адам кедейшіліктің қамытын кимей, бейнетінің зейнетін көруі керек», - дейді тағы бір үкіметке өкпесі қара қазандай тағы бір зейнет демалысындағы кісі.

Ливерпульде Лейбористік партия конференциясы өтіп жатқан ғимараттың алдына ондаған адам жиналды. Олар төлемдердің қысқаруына қарсы екендіктерін айтып, премьер-министрді әрекет етуге шақырды. Жәрдемақының тек өте кедей зейнеткерлерге төленетініне олар наразы.

«Кир Стармер, бізге құлақ асыңыз. Байлардың салығын көбейтіп, зейнеткерлерге тиіспеңіз», деп айқайлады наразы топ.

Қорғансыздың күйін кешкендерге қамқор болатын Кәсіподақ ұйымы бұғып қалмады. Мәселені дауысқа салып талқылады. Олардың пікірі ештеңені шешпесе де, үкімет басшысының абыройына нұқсан келтіретіні анық.

«Жаңа үкіметтің зейнеткерлерді жәрдемақыдан айырып, өте бай адамдарға қалайша тісі батпайтынын түсінбеймін. Бұл қате шешім және оның күшін жою керек. Біз әлемдегі алтыншы ірі экономикамыз. Бізде ақша бар. Ұлыбританияға қатаң үнемдеу емес, инвестиция қажет», дейді Unite кәсіподақ ұйымының бас хатшысы Шарон Грэм.

Дәл осы уақытта премьер-министр, әдеттегіше, бұрынғы үкіметті сахнадан сынаумен болды. Стармердің сөзінше, барлық қиындыққа консерваторлар кінәлі. Олар тек өз мүдделеріне қызмет етіп, бюджетті шұрық-тесік қалдырған. Өз кезегінде үкімет басшысы жарқын болашақ пен жаңа Ұлыбритания құруға уәде берді.

«Жаңа үйлер. Жаңа қала. Ауруханалар мен мектептерге апаратын жаңа жолдар. Өскелең ұрпақ үшін жарқын болашақ. Бұның бәрі халық игілігіне беріледі және есіңізде болсын, біз оған қол жеткіземіз. Экономикамызды тұрақтандырамыз, Торидің ескі-құсқысы мұрасынан құтыламыз», деді Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер.

Үкіметтің зейнеткерлерді түрткілеп, байларға әлі келмейтіндей себебі де бар. Соңғыларының Лейбористерді алтынмен аптап, күміспен қаптап қойғаны белгілі болды. Миллиардер демеуші үкімет мүшелеріне қымбат киімдер мен көзілдіріктер сатып алуға ақша берген. Саясаткерлерге соңдай-ақ концерттер мен футбол мачтарына тегін билеттер ұсынған. Ол аздай Кир Стармер 20 мың фунт стерлинг көлемінде ақша алып, жасөспірім ұлын Ковент-Гарден ауданындағы 18 миллион фунт стерлинг тұратын пентхауста уақытша тұрғызған.

«Баламның емтиханнан құлап қалмауы үшін тыныш жерде сабаққа дайындалуы маңызды болды. Өйткені үйіміздің алдында журналистер торуылдап жүрді. Ереуілге шыққан халық та маза бермеді. Отбасымның мүшелеріне олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етемін деп уәде бердім және уәдемде тұрдым. Ақша маған тікелей берілмеді. Пәтерді жалдауға төленді», деп ақталды Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер.

Үкімет басшысынан бөлек Қаржы министрі де дизайнерлік киімді сыйлыққа алған. Оның орынбасарына Тейлор Свифттің концертіне билеттер тарту етілген. Білім министрі өзінің қырық жасқа толған туған күнін ұйымдастыру үшін демеушіден біраз ақша алған. Меценаттардан барлығы құны жүз мың фунт стерлингтен асатын сыйлықтар қабылданған.

Стармер өзінің сайлауалды науқаны кезінде байлығы асып тасыған қарсыластарын шынайы өмірден алшақтағандар деп айыптағаны белгілі. Билікке келгеннен кейін өзі солардың кебін киіп отырғандай әсер қалдырады.

Премьер партиясының беделіне нұқсан келгенін мойындамайды. Ол барлық сыйлықтар декларациядан өткен деп ақталады. Бірақ саясаткердің рейтингісі консервативті көшбасшы Риши Сунакпен салыстырғанда төмендеп кетті. Көпшіліктің сынына ұшырағаннан кейін Стармер болашақта сыйлықтардан бас тартамын деп уәде берді.

 

Ұлыбритания зейнеткерлер әлеуметтік көмек

Тақырыпқа жаңалықтар