Placeholder
Фото: Адлет Беремкулов/ Kazinform
Kazinform
Әлем24 тамыз 2024, 9:00

Ұлыбританияда әйел затын адам санамайтындармен күрес және әлеуметтік желілерді бақылау күшейеді

Ұлыбритания экстремизммен күрес стратегиясын қайта қарауды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта жалпы тәртіпке бас имей, өз пікіріне ғана сүйенетіндермен күрес күшейтілмек, Тіпті, әйел затын адам санамайтындар да экстремистер қатарына қосылуы мүмкін. Бұған жақында полициямен қақтығысқа түсіп, елдің астан-кестеңін шығарған әсіре оңшылдардың әрекеті түрткі болды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform-ның Лондондағы меншікті тілшісі хабарлады.

Бейберекетсіздік, тонау және зорлық-зомбылық. Бұл Англияда соңғы он жылда болмаған жағдай. Саутпорттағы үш бүлдіршін қыздың қазасынан кейін жалған ақпарат тарап, оның арты бүліктерге ұласты. Нәтижесінде қылмыс жасады деген күдікпен кем дегенде 460 адам сот алдында жауап берді. Сарапшылардың пікірінше, бұған дейін ел басқарған үкіметтер халықты әсіре оңшылдардың зорлық-зомбылық әрекеттерінен қорғамаған. Ескерту белгілері мен идеологияның осал тұстарын елемей отыра берген.

«Біз үнемі ескертулер жасаумен келдік. Менің барлық есептерім, біріншіден, экстремистік қауіп-қатерлердің күшейіп жатқанын, екіншіден, еліміздің оған қарсы тұруға деген дайындығы өте нашар екенін көрсетті. Біздің заңнамамыздың экстремистерге жазасыз әрекет етуге мүмкіндік беретін осал тұстары бар», — дейді Ұлыбритания премьер-министрлерінің бұрынғы кеңесшісі Дэйм Сара Хан.

Эндрю Тейт — бұрын кәсіби кикбоксшы болған, қазір әлеуметтік желілерде танымал, даулы тұлға. Британ-Америка азаматы алауыздық тудыратын пікірлері мен әйелдерге қатысты өшпенділікке толы жазбалары үшін TikTok, YouTube және Facebook желілерінде бұғатталған. Ол жыныстық зорлық-зомбылық үшін әйелдердің өздері жауапты деп есептейді. Британ билігінің сұрауы бойынша Тейт пен оның ағасы әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық жасады деген айыптар бойынша Румынияда қамауға алынды. Бірақ ағайындылар өз кінәларын мойындамайды.

«Әйелдер жалған сөйлейді. Үкімет сот залдарында ақша жұмсап шығындалуда. Бұқаралық ақпарат құралдары сол өтірікті таратып әлек. Ал дәл осы кезде дүниежүзі бойынша геноцид болып жатыр. Әлем есінен адасқан жоқ па, бұл сайқымазақтардың шоуы емес пе? Әділдік қайда?» — дейді блогер Эндрю Тейт.

Жұрт әйелдерге қатысты кез-келген көзқарасты ұстануға ерікті, бірақ интернетте нәзікжандыларға қарсы өшпенділіктің өршіп келе жатқанын елемеуге мүлдем болмайды». Жақында сайланған жаңа билік өкілдерінің пікірі осындай. Олардың айтуынша, ғаламторда радикалданған жасөспірімдердің саны артып келеді.

«Жасөспірім ұлдарымның теледидардан не тамашалап жатқандарын толық бақылауға мол мүмкіндігім бар. Ал өз бөлмелерінде смартфонды шұқып отырғандарында, олардың не көріп отырғанынан бейхабармын және бұл сәтте менің бақылау деңгейім әлдеқайда төмен», — дейді Ұлыбритания парламентінің мүшесі Джесс Филлипс.

Ішкі істер министрлігі экстремизммен күрестің жаңа үкіметтік стратегиясын әзірлеу үшін шұғыл шолу жүргізуді қолға алды. Соңғы 15 жылда алғаш рет қолға алынған зерттеу экстремистік идеологиялардан туындаған қауіпке қалай ұтымды қарсы тұруға болатынын зерделейді. Шолу жүйедегі олқылықтарды жоюға әдістемелік құрал болмақ.

«Соңғы жылдары экстремизммен күрес шаралары әлсіреп кетті. Оларды дер кезінде жүзеге асыру керек еді. Сондықтан мен министрлікке экстремизм қауіп-қатерін шұғыл түрде талдауға, оның картасын жасап, тенденцияларды бақылауға, оған қалай қарсы тұруға болатынын түсінуге тапсырма бердім», — дейді Ұлыбритания Ішкі істер министрі Иветт Купер.

Лейбористер елдегі исламшыл және әсіре оңшыл экстремизмнің өсуін зерттейді. Әйел затын адам санамай, нәзікжандыларды жек көретіндер экстремистермен теңестірілуі мүмкін. Егер бастама қолдау тапса, мұғалімдер, медициналық және жергілікті органдардың қызметкерлері күдікке ілінген азаматтар туралы хабарлауға міндеттелуі мүмкін. Одан кейін жергілікті билік пен полиция күдіктілермен жұмыс істейді. Шолу күзде аяқталып, министрлік келесі жылдың басында экстремизмге қарсы жаңа стратегиясын ұсынады.

Еске салсақ, Ұлыбританияда әлеуметтік желілерде 3 бүлдіршінді өлтірген адам радикал мұсылман-мигрант деген фейк тарап, әсіре оңшылдар жаппай тәртіпсіздіктер орнатқаны белгілі. Мыңдаған адам жауап ретінде олардың әрекеттерін айыптап, көшеге шықты. Үкімет өз кезегінде интернеттегі қауіпсіздік туралы заңға өзгеріс енгізіп, платформаларды реттеуді қолға алып жатыр.

Интернеттегі қауіпсіздік туралы заң алғашында өткен жылдың қазан айында қабылданды және келесі жылдың басында күшіне енуі тиіс болатын. Маңызды құжат зорлық-зомбылыққа шақырып, өшпенділікті қоздырғаны үшін үкіметке әлеуметтік желі иелерін жазалауға рұқсат береді. Яғни платформалар жаһандық табысының 10%-ына дейін айыппұл ретінде төлеуі тиіс. Заңға жаңадан ұсынылған өзгерістер компанияларға санкция жариялауға мүмкіндік бермек.

«Менің ірі әлеуметтік желі компанияларына және олардың басшыларына айтарым бар: интернетте зорлық-зомбылық пен тәртіпсіздіктер өршіп тұр. Бұл да қылмыс. Бұл сіздің аумағыңызда болып жатыр, ал заң барлық жерде сақталуы керек», — дейді Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер.

Америкалық кәсіпкер және X желісінің иесі Илон Маск бұл мәлімдемеге әлеуметтік желілер арқылы жауап берді. Ол «азаматтық соғыстың болары сөзсіз» деп жазды. Билік өкілдері оның бұл сөздерін айыптады.

«Илон Масктың пікірі мүлдем негізсіз. Қазіргідей қиын уақытта бәріміз де бейбітшілікке үндеуіміз қажет деп ойлаймын. Маск өзі басшылық ететін платформаға жауапты екенін түсінуі керек. Шынымды айтсам, оның бұлай айтқаны өте өкінішті», — деді Ұлыбритания әділет министрі Хайди Александер.

Бұл маңызды құжаттың лейбористерге консерваторлардан мұра ретінде қалғаны белгілі. Билік партиясы өз дегеніне жету үшін алдын ала қамдануды қолға алды. Шенеуніктер интернеттегі қауіпсіздік туралы заңды қайта қарап, қосымша түзетулер енгізуге дайын екенін атап өтті.

«Әлеуметтік желі иелері де, платформаларға контент орналастыратын адамдар да өз әрекеттері үшін жауап беруі керек. Қылмыстық құқық бұзушылық саналатын жазбаларды жариялаған адам полиция тарапынан қудаланады. Үйде отырып, зорлық-зомбылыққа шақыратындар көше бұзақылары сияқты заң алдында жауап береді», — дейді Ұлыбритания Министрлер кабинетінің министрі Ник Томас-Саймондс.

Үкіметтің цифрлық реттеу саласындағы шамадан тыс қадағалауларын сын көзбен қарайтындар да бар. Олар адам құқықтары бұзылуы әбден мүмкін деп алаңдаушылық білдіріп жатыр.

«Заң даулы немесе көпшіліктің көңілінен шықпайды деген айыппен контентті интернеттен алып тастауға жағдай жасайды. Бұл сөз бостандығына үлкен қауіп төндіреді және біз бұл мүмкіндікті өз мүддесі үшін пайдаланатындардан қорғануымыз керек», — дейді Консерваторлар партиясының мүшесі Дэвид Дэвис.

Фейк ақпараттан кейін өршіген иммигранттарға қарсы тәртіпсіздіктерден кейін Англияның мыңдаған азаматы нәсілшілдікті айыптап, наразылықтарын білдіру үшін көшеге шықты. Зорлық-зомбылық қаупіне қарамастан, жергілікті тұрғындар батылдық танытып, бейбіт жиындар өткізді. Олар «босқындарды қуана қабылдаймыз» деп ұрандатты.

«Бүгін осында келуімнің басты себебі мен бір-бірін жек көретін, өшпенділікпен өмір сүретін қоғамда өмір сүргім келмейді. Менің ойымша, біз бір халықпыз. Бір-бірімізге жанашырлық танытып, мейірімділік пен рақымшылық қоғамын құруымыз керек», — деді Лондон тұрғындарының бірі.

«Мен өткен аптада болған оқиғаға қарсы тұрып, өз үнімді қосуға келдім. Тәртіпсіздіктерге жол бермеуіміз керек. Бәріміз бірдей әсіре оңшылдарды қолдамаймыз», — деді тағы бір жиынға қатысушы.

Жаппай тәртіпсіздіктер Саутпорттағы қайғылы жағдайға мұсылман мигранттың қатысы бар деген әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттан кейін өршіді. Бұған жауап ретінде мешіттер мен мигранттардың тұрғын үйлеріне шабуыл жасалды. 800-ге жуық бұзақы қамауға алынды, олардың 350-ден астамына айып тағылды. Нәсілшілдікке жол беріп, алауыздықты әлеуметтік желілерде қоздырғандар да жазаға тартылды.

Ұлыбритания Заң Әйел әлеуметтік желі

Тақырыпқа жаңалықтар