Әлем7 ақпан 2024, 11:00

«Жапон аруы» байқауында жеңіске жеткен украин қызы атағынан бас тартты

«Жапон аруы» сұлулық байқауының жеңімпазы тәжден бас тартты. Бұған алдында орын алған екі жанжал себеп болды, - деп хабарлайды Arbat.media.

ВВС-ге сілтеме жазап бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

«Жапон аруы-2024» байқауының жеңімпазы, Украинадан шыққан жапондық әйел Каролина Сиино атағынан бас тартты. Бұл туралы ақпаратты BBC-дің Украинадағы қызметіне оның анасы растады. Бұл – байқау тарихында алғаш рет орын алған жағдай.

26 жастағы Каролина Сиино екі апта бұрын жапондық сұлулық байқауында жеңімпаз атанды. Ол тәж киген соң қыздың этникалық шығу тегі туралы пікірталастар басталды.

Каролина Украинаның Тернополь облысында туған. Ата-анасы ажырасып, анасы жапон жігітіне тұрмысқа шыққаннан кейін 5 жасында Жапонияға көшіп келген.

Сиино Жапония азаматтығын қабылдап, сұлулық байқауында жеңіске жеткен алғашқы әйел болды. Ол жапон азаматтығын 2022 жылы ғана алған.

Жапондықтар оның байқауда жеңіскке жеткеніне қатысты әлеуметтік желілерде екі түрлі пікір айтты: кейбіреулер ел азаматтығын қабылдаған әйелдің тәж киюін құптаса, басқалары оның дәстүрлі жапондық сұлулық идеалдарын танытпайтынын айтты.

Байқауды ұйымдастырушылардың айтуынша, төрешілер Каролина Сииноны жеңімпаз деп нық сеніммен таңдаған.

«Ол жапонша әдемі және дұрыс сөйлеп-жазады. Ол бізге қарағанда көбірек жапондық», - дейді ұйымдастырушы Ай Вада.

Алайда оқиға осымен аяқталған жоқ.

Күні кеше жапондық Shukan Bunshun журналы және елдің басқа да басылымдары Каролина Сииноның үйленген адаммен қарым-қатынасы туралы жазды.

Байқауды ұйымдастырушылар Сиино ер адамның үйленгенін білмегенін айтты. Алайда дүйсенбіде хабарланғандай, қыз өзі жүрген ер адамның некеде болғанын және отбасы бар екенінен хабардар болғанын мойындаған.

Сиино өзінің Instagram парақшасында жапон тілінде мәлімдеме жариялап, өтірігі үшін кешірім сұрады.

«Маэда мырзаның әйеліне, отбасына және қатысы бар барлық адамдарға қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймын. Агенттікке берген түсініктемемде дәлсіздіктер болды. Абыржу мен қорқыныш маған шындықты айтуға мүмкіндік бермеді», - делінген хабарламада.

Ол сондай-ақ атағынан бас тартатынын да жазды. Байқауды ұйымдастырушылар оның тәжден бас тартуын қабылдады.

Байқау қорытындысы бойынша бірнеше вице-мисс таңдалғанымен, «Жапон аруы» атағы жыл соңына дейін бос қалады.

Е

Жапония Жапон аруы украин қызы бас тартты

Тақырыпқа жаңалықтар