10 000 теңге — әлемдегі ең үздік банкнота
2007 жылы шығарылған 10 000 теңге купюрасы әлемдегі ең үздік банкнота деп танылған, - деп хабарлайды Arbat.media.
Теңге банкноттарының бірінші партиясы Англияда шығарылып, қазақ суретшілері ағылшын әріптестерімен бірге 30 жыл бұрын тарихта із қалдырды деп жазады жазады Kazinform.
Бастапқыда төл теңгеміз дизайны жағынан ағылшындардың стерлинг фунтынан еш кем түспепті. Әлемдік стандарттарға сай қолдан жасаудан қорғайтын 18 белгісі болған. Түсі жағынан сол кездегі 5 фунтқа ұқсаған, шетінде банкнотты қолдан жасаудан қорғайтын жібі де болған. Ол кезде бұл заманауи технология саналатын.
Ұлттық валютамыз бірнеше рет халықаралық байқаулардың жүлдегері атанды. Мәселен, 2007 жылы шығарылған 10 000 теңге купюрасы әлемдегі ең үздік банкнота деп танылған. Халықаралық валюта ассоциациясы теңгені дизайны, шығармашылық және техникалық орындалуы жағынан өте жоғары деп бағалаған.
“Егер қателеспесем, ол кезде Қазақстан өзінің ұлттық валютасында оптикалық қорғанышы бар алғашқы мемлекет болды. Бұл - терезе сияқты банкнотадағы саңылау. Ол уақытта ешбір елде мұндай болмаған. Жаңасын әрі үздігін таңдау қазақтарға тән қасиет деп білемін”, - дейді De La Rue компаниясының студиялық менеджері Крис Мэтьюс.